Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақылға қонымсыз жағдай": Депутат Конституциядағы тұрғын үйден сот шешімімен ғана айыру туралы норманы түсіндірді

Фото: freepik.com

“Референдум–2026” онлайн-марафоны барысында депутат Азат Перуашев тұрғын үйден сот шешімімен ғана айыру туралы норманың мәнін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, бұл норма азаматтарды заңсыз әрі негізсіз әрекеттерден қорғауға бағытталған.

“Тұрғын үй – аса маңызды құқық. Өкінішке қарай, экономикалық дағдарыс жылдарында ипотекалық несие аясында азаматтар кей жағдайда сот шешімінсіз-ақ, қарызы үшін баспанасынан айырылып қалғанын көрдік. Демек, адамдарды үйінен шығарып, далада, баспанасыз қалдырған жағдайлар болды. Бұл жұмыс істеп жүрген, өз елінде тұрып жатқан азаматтардың басынан өткен оқиғалар”, – дейді депутат. 

Сонымен қатар депутат баспана мәселесін Пардамент отырыстарында бірнеше көтергенін айтты.

“Себебі мұндай жағдай – ақылға қонымсыз, бұлай болмауы керек. Оның үстіне, адамның өз еркінен тыс объективті себептері болады. Мәселен, жұмыстан айырылу, отбасы мүшелерінің сырқаттануы және басқа да қиындықтар болуы мүмкін. Ал қазіргі қолданыстағы норма банктерге де, коллекторларға да адамдарды баспанасыз қалдыруға, үйін тартып алуға жол бермейді. Мұндай мәселе  міндетті түрде сот шешімі арқылы, тиісті сот рәсімдері аясында қаралуы тиіс. Сол кезде азаматтардың өз уәждерін айтуға, дәлелін ұсынуға мүмкіндігі болады. Олар сотта қарызын өтей неліктен өтей алмай жүргенін түсіндіре алады”, – деді Перуашев. 

Азат Перуашевтің айтуынша, енді осы заң аясында банктер қарыз алушыларға барынша түсіністік танытуға міндетті. 

“Банктер тұлғаға берешекті қайта құрылымдауға, төлемдерді кейінге шегеруге мүмкіндік беріп, қарызды өтеудің қолайлы кестесін ұсынуы тиіс. Осы мүмкіндіктердің бәрі қарастырылған соң ғана ең қатаң шараларға жүгінуге болады”, – деді депутат. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 14 Ақпан, 2026 18:50