Әкесі Төреғалиге Ерке Есмахан үшін ренжулі екенін айтты
Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан халық арасына кеңінен танылған «Алло» әнінің жалғасын шығарып, телефондағы әңгімені кездесумен аяқтаған еді. Жұрт «Сәлеметсіз бе» әніне бейнебаян күтуде. Десе де қос әнші де халықтың қалауын жүзеге асыруға асығар емес.
Естеріңізде болса, алғашқы бейнебаян лайықты бағасын алғаннан кейін, продюсер Баян Есентаева хикаяның жалғасы фильммен ұштасуы мүмкін дегенді айтқан еді. Алайда Төреәлі Әлиханов пен Баян Мақсатқызының арасында туған дау бұл жоспардың күл-талқанын шығарды. Алғашқыда араз болып, алайда арада біраз уақыт өткен соң Төреғали мен Ерке қайта бірге ән сала бастады. Тіпті, жаңа дуэт жаздырды. Десе де, бұл әннің жарыққа шығатынын Төреғалидің әкесі әрі продюсері білмеген ұқсайды. Ерке Есмаханмен дуэт айтқаны үшін әке ұлына ренжіп қалғандай.
«Менің алдыма келіп ешкім ол нәрсені айтқан жоқ. Төреғалимен ән айтайын, жалғастырайын деп әлі күнге дейін ешкім сұраған жоқ. Әннің шыққанын кейіннен білдім. Онда да «Ұлы дала баласы» концертінде… Өнерде ешкім қарсылық жасай алмайды. Әркім өзінің еркі. Өнерде ешкім ешкімді қинамайды. Талғам өте жоғары. Бір әнішімен қадалып тұруға да болмайды. Төреғали Гүлнұр Оразымбетовамен де айтып жатыр. Алтынаймен де айтып қалар. Жоспарлар көп», – деді продюсер әке 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасына берген сұхбатында.
Есесіне Төреғалидің өзі әкесінің ренішінен бейхабар секілді. «Сәлеметсіз бе» әнінің «Алломен» бір уақытта жазылғанын айтқан ол бейнебаян түсіру жоспарда бар екенін де айтып қалды. Тек бейнебаян туралы ақылдасу үшін қос әншінің уақыты болмай жүр екен.
«Дайын тұрған дүниені неге орындап шықпасқа? Айтсақ айтайық деп шештік. Негізі бейнебаян үшін жазылған. Қыз бен жігіт кездеседі. Содан кейін «Қалайсыз?» деп одан кейін телефонсыз әңгімесі өрбиді. Мүмкін түсіріліп қалар, білмеймін», – дейді Төреғалидің өзі.
Ал ерке әнші Ерке Есмахан болса: «Мен күнде гастрольдік сапарда, тойдамын, қолымыз тимей жүр. Төреғали да солай. Бұйыртса бір кездесіп, мүмкін ақылдасып, бейнебаян да түсіріп қалармыз», – деді.
Есесіне Төреәлі Әлиханов бұл мәселені продюсерлердің шешетінін айтып қалды.
«Оны мен шешемін», – деп қадап айтты ол. Сөз арасында Төреғалидің әкесі Есентаеваға ренішті емес екенін айтты. Десе де, бір кездері онымен араз болған Әлиханов мырзаның Есентаевамен қайта жұмыс істегісі келмейтін сыңайлы.
«Екінші тараптан бейнебаян түсіруге ұсыныс түскен жағдайда, келісесіз бе?» – деген тілші сауалына ол:
«Білмеймін, ештеңе айта алмаймын», – деп жауап берді.
Ал Ұлы дала баласының өзі махаббат хикаясының екі бөлімнен тұру керектігін алға тартуда:
«Егер осы әнге клип түсірілетін болса, сонымен жеткілікті сияқты. Қай кезде де екі вариант болған жақсы ғой. А варианты, Б варианты. Екі сериялы болса дұрыс деп ойлаймын».
Жіберіп алмаңыз:
Қайрат Нұртас қазақстандық “Голос” жобасына үміткер ретінде қатысты (видео)
Ерболат Беделхан: Ninety One тобын шетелдіктер қаржыландырып отырған жоқ
Баян Мақсатқызы: Мен бұрынғы күйеуіммен дос болып қалғым келеді (видео)
Жақында ғана шыққан қазақстандық хит өзбек әнінен ұрланған болуы мүмкін (видео)