"Қуатын әкеңнің көлігі бар ма еді": Алматыда телефонын ұрлатып, арыз жазуға барған азамат полицейлерден оңбай таяқ жеген
Алматыда ұялы телефонын ұрлатып алған азамат, арыз жазуға барып тәртіп сақшыларынан таяқ жеген. Екі қабырғасы сынып, есінен танып қалған жігіт полицейлердің мұндай әрекетіне наразы. Тіпті құзырлы орган өкілдерімен болған жағдай үшін сот кінәлі деп танып 40 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім шығарды деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
Мәліметтерге сенсек, Нұрғабыл Шажабаев 10 мамырда кафелердің бірінен шыққан. Одан түн ортасында бейтаныс азамат қоңырау шалу үшін телефонын сұраған. Ойында ешнәрсе жоқ жігіт телефонын қоңырау соғуға береді. Алайда сол сәтте белгісіз біреу оның телефонын алып, тұра қашқан. Бірден тәртіп сақшыларына барып, қарақшының жолын кесуді сұрамақ болғанда кезекші полицейлермен сөзге келмей қалған.
"Бөлімше қақпасынан кіріп кеттім, ешкім маған жол көрсеткен жоқ. Кіріп кеттім. Ішке кірсем бәрі ұйықтап жатыр екен. Полицейлер даусымнан оянып кетті. Арыз жазып тұрғанша бір машинамен шығып қуып жетейік. Сол адамды ұстап аламыз" деп айтып қалып едім, полицей "әкеңнің көлігі бар ма еді" деп дүрсе қоя берді. Менің бар кінәм – "сенің әкеңнің көлігімін қумаймыз ғой" дегенім", – дейді жәбірленуші Нұрғабыл Шажабаев.
Жігіт сол жерде құлағаннан кейін дереу жедел жәрдем шақырыпты. Бірақ жарақаттың ауыр еместігін айтып, олар кері кеткен. Ал жігіт келесі күні Талғар аудандық ауруханасына барып, қос қабырғасының сынғанын білген.
"2 қабырғам сынды және артқы жақ бүйірлерімнің барлығын соққылап тастаған. 11 шілдеде мені ұрып-соқты деп арыз жаздым. Олар 13 шілдеде "менің ар-намысыма тиді" деп арыз жазған", – деді жәбірленуші.
Бұдан кейін қос тарап арасында сот процесі өткен.
Нұрғабыл Шажабаев тәртіп сақшылары ұрып-соққан бейнебақылау камерасындағы жазбаны бермей отыр деп наразы. Ал 28 маусымда осы оқиғаға қатысты Жоғарғы сот үкімі шығыпты.
"Қылмыстық кодекстің 378-бабының 1-бөлігінде "Билік өкiлiн қорлау" бойынша қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және 40 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалсын. Сонымен бірге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, 18 460 теңге жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлем өндірілсін", –делінген сот мәлімдесінде.
Мұндай шешіммен келіспеген Нұрғабыл Шажабаев апелляциялық шағым түсірген. Ал қалалық полиция департаменті әзірге бұл жағдай туралы жауап бермеді. Даудың басына түрткі болған қалта телефонын тәртіп сақшылары екі күннен кейін тауып, иесіне қайтарған екен.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғыны жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшерін ұрғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Оған айыппұл салынды. Дәрігерлер шақыру бойынша Сәтбаев қаласындағы пәтерге барған. Олар әйелдің қайтыс болғанын хабарлаған. Бірақ қайтыс болған әйелдің ұлы бұған көндіге алмай екі ер дәрігерді ұрып-соққан. Соққыға жығылған фельдшер қан-жоса болып тұрса да, әйелдің ұлы оны реанимация жасауға мәжбүрлеген.