"Әкемді жоғалтқаннан кейін құлап, бір жыл ауырдым": Бибігүл Төлегенова әкесінің қазасы туралы сыр шертті
Жуырда 90 жасқа келген КСРО Халық әртісі, қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова "Астана" телеарнасындағы "Оңай емес" бағдарламасына сұхбат беріп, балалық шағы өте қиын болғанын, зұлмат соғыс жылдарына тұспа-тұс келгенін айтты. Қылышынан қан тамған Кеңес үкіметі әкесін халық жауы атап, ату жазасына кескен. Жеті жасында әкесінен жетім қалғанын айтқан әнші еріксіз көзіне жас алды.
Бұлбұл әнші есімін әкесі қойғанын айтады. Ұл күткен әкесі қызы Бибігүлді ұл сияқты өсірген. 1937 жылы әкесі репрессияланғаннан кейін әншінің балалық шағы 7 жасында аяқталған. Әкесінің жатқан жері де әлі күнге дейін белгісіз.
"Дзержинский, қазіргі Наурызбай батыр мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында КГБ болатын, сонда атылған екен. Әкем жіңішке дауыспен домбырамен керемет ән айтатын, скрипканы жақсы тартатын. Мені кішкентай кезінде орындыққа отырғызып, скрипка тартып отырады, мен ыңылдап отырады екенмін. Әкем мені өте қатты жақсы көретін, суға барса да, қайда барса да қасынан тастамайтын. Әрине, оны жоғалтқаннан кейін қатты қиын болды, сабақ оқи алмай қалдым, бірінші классқа қайтадан бардым. Өйткені соны естігеннен кейін мен құлап ауырып қалдым. Әрине, анамды да батыр ана деуге болады. 25 жасында жеті баламен қалып, өзін-өзі жоғалтпай, бәрін бағып-қағып, жеткізді. Ішінде жоғары білімді бірінші мен алдым", - дейді әнші.
Ата-анасының берген басты тәрбиесі туралы ол: "Мен ешқашан өтірік айтқан жоқпын, біреудің бір тиыны жатса да алмаймын, алсам да шетке қойып қоямын, анамның айтқан ақылы", - дейді мерейтойын атап өткен қазақ халқының біртуар қызы.