"Әкем нөмірімді базадан жасырып қойған": Алматылық қыз полицияның өзіне айыппұл сала алмайтынын айтып мақтанды
Алматылық бойжеткен әкесінің өзінің көлік нөмірін мемлекеттік деректер базасынан жасырып қойғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Әлеуметтік желіден
18 жастағы қыз TikTok-та қымбат көлігін көрсетіп, VIP мемлекеттік нөмірімен мақтанған.
"Мені жол полициясы тоқтатқанда, "Менің мемлекеттік нөмірімді планшетке енгізіп тексеріп көріңіздер, әкем оны базадан жасырып қойған деп айтамын", – дейді алматылық қыз желідегі жазбасында.
Желідегі ақпаратқа қатысты Алматы қалалық полиция департаментіне мәлімдеме жасады. Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Lexus маркалы автокөлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін бұзғаны анықталған.
"Бұл факті бойынша тексеру басталды. Жүргізушінің 2006 жылы туған М. есімді азаматша екені анықталды. Ол "В" категориясы бойынша жүргізуші куәлігіне ие. Жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша шаралар қабылданады", – делінген полиция хабарламасында.
Полиция аталмыш жүргізушіге қауіпсіздік белдігін пайдаланбағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылғанын атап өтті.