Акционер ауысқан соң "Қазақмыс" корпорациясын Руслан Өскенәлі басқаратын болды
Фото: “Қазақмыс”
"Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС-нің басқарма төрағасы болып Руслан Өскенәлі тағайындалды. Ол компанияның акционері ауысуына байланысты мәміле толық аяқталғаннан кейін қызметіне кірісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Руслан Өскенәлі 1984 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша тәмамдаған, сондай-ақ Woodbury University-де MBA дәрежесін алған.
Оның коммерциялық және өнеркәсіптік құрылымдарда мол басқарушылық тәжірибесі бар. Әр жылдары халықаралық және ұлттық компанияларда, соның ішінде "Қазақмыс" корпорациясында, Alstom және General Electric компанияларында жетекші қызметтер атқарған.
2024 жылғы наурыздан бастап Өскенәлі Qarmet компаниясының жабдықтау жөніндегі директоры болып жұмыс істеп, сатып алуларды стратегиялық дамыту мен жеткізу тізбектерін оңтайландыруға жауап берді. Сондай-ақ басқарма құрамына кіріп, негізгі басқарушылық шешімдерді қабылдауға қатысқан.
- Владимир Кимнің байлығы мыс бағасының өсуіне байланысты 8 миллиард доллардан асты
- Владимир Ким мен Эдуард Огай Қазақмыс компаниясын жаңа акционерге сатуға келісті
Еске салайық, бұған дейін Kazakhmys корпорациясы көпсалалы Qazaq Stroy тобының басқаруына өткенін жазған едік. Топтың бенефициары Нұрлан Артықбаев.
Елдегі ең ірі мыс өндірушілердің бірінің акционерлері ауысуы мүмкін деген сыбыс өткен күзде тараған еді. Бірнеше ай бойы тараптар бұл мәселеге қатысты пікір білдірмеді. Ресми растау 10 желтоқсанда жарияланып, сол күні рамалық келісімге қол қойылып, бақылауды беру рәсімі басталғаны хабарланды. Мәмілені жыл соңына дейін жабу жоспарланған және БАҚ деректеріне сенсек, ол белгіленген мерзімде аяқталған.
Айта кетейік, Kazakhmys Қазақстандағы ең ірі тау-кен металлургия корпорациясы және әлемдегі жетекші мыс өндірушілердің бірі. Компания мыс кенін барлау, өндіру және өңдеумен, катодты мыс, алтын, күміс, күкірт қышқылы және өзге де өнімдер шығарумен айналысады.
Forbes деректеріне сәйкес, корпорацияның жылдық түсімі шамамен 1,3 трлн теңгені құрайды, қызметкерлер саны 32 мыңнан асады.
Ал Нұрлан Артықбаев 2023 жылы біріктірілген Qazaq Stroy және Exclusive Qurylys топтарының негізін қалаушы әрі мажоритарлық иесі. Сондай-ақ Telecom Systems Ltd. арқылы 2024 жылдың төртінші тоқсанында Jusan Bank-тен сатып алынған "Қазақтелеком" АҚ акцияларының 9,19%-ын бақылайды. Forbes оның байлығын 228 миллион доллар деп бағалайды.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар