Ақан Сатаев Томирис рөлін сомдайтын актрисаны көрсетті (фото)
«Томирис» туралы фильм түсіруді ойға алып, басты рөлді сомдайтын актриса іздеген режиссер Ақан Сатаев қуанышты жаңалығымен бөлісті. Ол фильмде Томиристі сомдайтын актрисаның кім екенін айтып, суретін көрсетті, деп хабарлайды Stan.kz.
Режиссер Ақан Сатаев Instagram желісіндегі парақшасында «Томирис» фильмінде басты рөл сомдайтын актриса туралы айтып, суретін жариялады.
«Достар, «Томирис» тарихи фильмінде басты рөл сомдайтын актрисаны үлкен қуанышпен таныстырамын. Ол – Альмира Тұрсын. 1990 жылы дүниеге келген. Мамандығы – психолог-коуч», – деп жазды режиссер.
Режиссердің айтуынша, Альмира Тұрсын өткен жылы наурыз айында жалпықазақстандық кастингке қатысып, іріктеуден өткен екен.
«Қыркүйекте режиссерлік видеобайқау, яғни кастингтің екінші кезеңі өтті. Оның қорытындысы бойынша, іріктеуден өткен үміткерлер ат үстінде жүруді, сахналық күресті меңгеру үшін, жаттығу лагеріне жіберілді.
Альмира қазан-қараша айларында жаттығу лагеріндегі үшінші кезеңнен өтіп, желтоқсанда фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаева және режиссер Ақан Сатаевтың шешімімен басты рөлге тағайындалды», – деп жазды режиссер.
Қазіргі уақытта Альмира Тұрсын фильмнің түсіріліміне дайындалып жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, елімізде Әлия Назарбаеваның қолдауымен «Томирис» тарихи фильмі түсірілетін болады. Түсірілім 2017 жылдың қазан айында басталады деп жоспарланған. Актерлер кастинг арқылы іріктеп алынады. Фильм премьерасы 2018 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр.
Фильмдегі басты рөлді сомдайтын актрисаны таңдау үшін кастинг жарияланғаннан кейін, қазақстандық актрисалар Томирис рөлі үшін таласып қалған еді.
Оқи отырыңыз:
Қайрат Нұртас: “Ақшасы тасып құтырған” дегенді қойыңдар
Сөз беремін, мен енді өзгеремін: Төреғали халықтан кешірім сұрады
Мазақ болма, қазақ: Мұрат Әбенов имамдар мен голливуд жұлдыздарының суретін сынға алды