Аида Балаева ұстазын құттықтап желіде жантебірентерлік жазба жариялады
Бұрынғы ақпарат және әлеуметтік даму министрі Аида Балаева желіде жантебірентерлік жазба қалдырды. Ұстаздар күні қарсаңында ұстазы туралы айтып, мерекемен құттықтады. Барша ұстаздарға табыс тіледі.
"Бұл өмірдегі ең бір қимас, жүрек төрінен орын алатын қымбат сәттеріміз жадымызда жатталатыны ақиқат. Мүмкін, көпшілігіміздің ең жарқын естеліктеріміз мектеп жылдарымен байланысты шығар.
Бар әлемді танып-білген кезіміз, тіршіліктің мәнін ұғып, өзімізше тірлік етуге әрекеттеніп, құлап-тұрып, сәтсіздіктерден сабақ алғанымыз, осының бәрі баға жетпес бақытты шақтар екен ғой, шіркін.
Дәл осы кезеңдегі біздің әрқайсымыздың жеке тұлға болып қалыптасуымызда ұстаздар орны айрықша болғаны сөзсіз.
Мен мұғалімдер отбасында өскендіктен, ұстаздың жанқиярлық еңбегінің қандай болатынын жақсы білемін. Әсіресе, ойын баласынан бейтаныс жаңа әлемге қадам басқан бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелейтін ұстаздардың еңбегі ерен. Бұл бүлдіршіндердің көкейінде алғашқы ұстаз бейнесі мәңгі жатталып қалады, керек десеңіз, кейінгі өмір жолдарына да әсер етеді", - деп жазды Аида Балаева парақшасында.
Аида ханым өзінің алғашқы ұстазы жайлы аз-кем айта кетті. Алғашқы ұстаздың адам баласының білімді болып өсуіне үлесі зор екенін еске салды. Өз ұстазы мен барша қазақстандық ұстаздарды мерекемен құттықтады.
"Менің алғашқы ұстазым – Иванова Анна Григорьевнаның бейнесі жүрегімнің қақ төрінен орын алған. Біздің үлкен сыныбымызға дәл осындай жүрегі кең ұстаздың тап болғанының өзі бір бақыт дер едім. Біздің әрқайсымызға оның өзіндік, ерекше көзқарасы болды, ол әрқайсымызды ынталандырып, өз күшіне сенуге үйретті, бойымыздағы ең жақсы қасиеттерді оятып, жеке тұлға ретінде тәрбиеледі. Біздің басымызды біріктіріп, ынтымақтастық сезімін оятып, сыныптастар арасындағы ерекше достық қарым-қатынасты, мейірімділікті, қамқорлықты, өзара қолдауды үйретті. Ұстазымның бұл өмірмен қоштасқанына көп жылдар өтсе де, Анна Григорьевнаға деген ризашылық сезімім бір сәт те бәсеңдеген емес.
Біз отбасында да, мектепте де маңызды және мәні жоқ, отбасылық және өмірлік құндылықтар туралы түсінік алдық. Бүгінгі таңда, менің ойымша, мектептерге, әсіресе төменгі сыныптарға дәл осындай балаларды жақсы көретін, мамандыққа және мәңгілік ізгілікке шын жүректен сенетін мұғалімдердің келуі өте маңызды.
Еліміздегі үлкен мереке – Мұғалімдер күні қарсаңында барлық мұғалімдерге мықты денсаулық, отбасылық амандық және ризашылық тілеймін!", - деп жазды Балаева.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
