Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ахмет Ясауи кесенесінде зиярат етудің құпиялары: Киелі орын жайлы не білеміз?

Киелі Түркістан қаласы дегенде бірінші Ахмет Ясауи кесенесі еске түседі. Екі мың жылдан астам тарихы бар қаланы кие қонған мекен деп атауының себебі де осымен байланысты. 

Киелі мекен Түркістан 2 мыңжылдық тарихы бар, түркі жұртының киелі де қасиетті діни орталығы болып саналады. Қожа Ахмет Ясауи негізін қалаған сопылық ілім ең алғаш осы Түркістан таралған деседі, бұған қоса қалада көптеген киелі орындар бар. Олардың ішінде ең танымалы да осы ұлы ғұламаның басына тұрғызылған кесене. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ХІV ғасырда Орта Азияның билеушісі Ұлы Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. Кесененің басты қасиеті сол заманғы ғимараттар арасында ең биігі және үлкен күмбезді құрылыс болуында. Кесене көптеген бөлмелерден (жамағатхана, қабірхана, кітапхана, асхана, құдықхана, үлкен және кіші ақсарай мен бөлмелерден) тұратын ғимарат болғандықтан, онда қазақтың 21 ханы мен билері жерленген. 

Абылай хан осы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген. Көзі тірісінде ол Қожа Ахмет Ясауиді қатты құрметтеген: ол кесенеге аттан түсіп, жаяу жүріп келіп, 40 метр қалғанда тізерлеп, дұға оқыған, бабамызды қастер тұтқан. Оның “мені осы кесенеге жерлеңдер” деп өсиет еткені де Қожа Ахмет Ясауиге деген аса құрметі мен сенімінің күштілігін көрсетеді. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ашылмаған сырлары жетерлік. Солардың бірі – мыңдаған жылдар өтсе де, әлі өз реңкін жоғалтпаған қабырғадағы бояу құрамы. Кесененің қасбетінде Құран сүрелері жазылған және жұлдызға ұқсайтын 5 сегіз бұрышты өрнектер салынған. Күншығыста, кесененің батыс жақ қабырғасындағы ою-өрнектер алтын түске боялған. Аңыздарға сенсек, осы көріністің куәсі болсаңыз – кез келген тілегіңіз орындалады екен.         

Ал кесене басында ұшып жүретін "бақыт құсы" жайлы естуіңіз бар ма? Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда "бақыт құсы" ниеттеніп келген зияратшылар үстіне "нәжіс" тастап кетеді екен. Сенім бойынша, бұл – басыңызға қонған бақ белгісі. Мұндай жағдайды өткерген зиярат етуші өмірінде оң өзгерістер болып, басына бақыт құсы қонады деседі. Бірақ бұл құс жыл он екі ай кесене жанында айналып ұшып жүре бермейтін көрінеді. Жылдың кез келген мезгілінде пайда болып, тек өзінің таңдаулы адамның үстіне "нәжіс" тастайды-мыс. Бұл да бір Құдайдың құдіреті емес пе? 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етудің міндетті ережесі мен тәртібі бар: 

  1. Ең алдымен таң намазына ерте тұрып, дәретіңізді алып кесенеге жанындағы мешітте таң намазын оқу; 
  2. Кесене ішінде құран оқып, дұға ету;
  3. Таң атысымен күннің кесене қабырғаларына шағылысқан сәулесінен алтын түсте қабырғаның келбетімен ондағы ғажайып оюларға тамсану, 
  4. Одан әрі қолөнершілер базарына бару.  Түркістан Ұлы жібек жолының бойында орналасқан көне қала болғандықтан мұнда қолөнер жақсы дамыған. Тіпті мұнда қолөнер шеберлерінен мастер-класс қатысуға болады. 
  5. 4000 жылдық тарихы бар – Қобыздың ойнаған үнін есту. Бұл бір ғажайып Қыл қобыздан шыққан аққудың үнін естіп біразға дейін естен кетпес әсерде боларыңыз анық. 

Талқылау