Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ахан Отыншиев Малаховтың шоуында "Шудың бойында" хитін орындап, ресейліктерді билетті 

Әнші Ахан Отыншиев Андрей Малаховтың танымал шоуына қатысып, "Шудың бойында" әнін орындап берді. Бағдарламаға қатысқан ресейліктер Аханның әніне тәнті болып, би биледі. Эфир барысында Аханның 90 жастағы атасы Малаховқа сәлем жолдап, ән шырқады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Аханның әніне тәнті болған Малахов одан:  "Өзің туралы айтып берші. Әнің не туралы?" – деп сұрады. 

Отыншиев Шудың бойында кездесуге уәделесіп, соғыстың кесірінен бір-бірінен ажырап қалған ғашықтар туралы айтты. Әннің баянсыз махаббат туралы екенін білген Малахов:  "Сен оны көңілді әуенмен айтып жүрсің ғой", –  деп таңданды. Оған Ахан: "Адамдар түсінбейді, билей береді", - деп күлді. 



Ресейлік актриса Ксения Лаврова-Глинка: "Мына әннің күш-қуатынан тілім байланып қалды, енді осы әнді айтып жүремін", – деп тамсанды.

"Мені Ресейде таниды деп ойламаппын. Қазақстанда бәрі біледі, Германияда білетіндер бар", –  деп ағынан жарылды қазақстандық әнші. 

Малахов қарапайым қазақ баласының өнеріне риза болып, оның қайда білім алғанын сұрады. 

"Оқыған жоқпын. Ауылда өстім, мал бақтым. Әкеме әнші боламын дегенде: "Жасың 25-те, қайдағы әншілік? Қой бағасың", – деді. Маған 300 қой беріп: "Оны 400-500-ге көбейт, сонда адам боласың", – деді. Қой бағып жүрдім, олардың қайда жоқ болып кеткенін білмеймін. Мен ән айтып кеттім", –  деп елді күлдірді Ахан. 

Айтуынша, әкесі әлі күнге дейін оның әншілігін мойындамайды екен. 

"Мен жұлдызбын ғой, ауылға жақсы көлікпен гастрөлден барсам да, әкем әлі мойындамайды.  “Қой бақ” дейді. Ал өнер атамнан берілген", – дейді Ахан.

Бағдарлама барысында Аханның 90 жастағы атасы Малаховқа сәлем жолдап, ән шырқап берді. Ол немересін Ресейге шақырған тележүргізушіге ризашылығын жеткізді. 

Талқылау