Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ағасының мәйітін 7 ай сақтаған атыраулық әйел марқұмның қалай көз жұмғанын айтты

Нағашы ағасының мәйітін 7 ай сақтаған атыраулық Аида Ақберліқызы марқұмның қалай көз жұмғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасының "Астарлы ақиқат" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.


Аида Ақберліқызының айтуынша, нағашы ағасы Сағынғали Ақберлиев 2011 жылдан бері бронхиалды астма және жүрек ишемиясы дертімен ауырған. Оған дейін арамызда араздық болған емес, деген Аида Ақберліқызы содан бастап қарияның тынымсыз, шыдамсыз, ашуланшақ, мазасыз болғанын айтады. 

"Болмашы нәрсеге ашуланып, затты лақтырып қалатын. Маған тиген кездері болды. Мысалы, шай ішіп отырғанда кесені лақтырып жіберсе, жинап қоямын. Болды", – деді Аида Ақберліқызы.

Ол соңғы кездері атасымен қарым-қатынасының дұрыс болмағанын растап отыр. 

"Атаның психикалық ауытқушылығына байланысты", – деп түсіндірді өзі. 

Ағасының мәйітімен 7 ай бір үйде тұрған Аида Ақберліқызы марқұм көз жұмған күні қасында болмағанын айтады. 

"Ол күні шарбақта болдым. Қолымда 30-ға жуық қойым, сиырым бар. Шамамен 15:30-да үйден шығып, 17:00-де қайтып келдім. Ұйықтап жатқандай болды. 



Ол кісі күндізгі уақытта ұйықтайтын. Қозғаған жоқпын. Өзімнің шайымды іштім. Одан кейін қайта шаруашылыққа шығып кеттім. 20:00-де қайтып келдім.

Ас дайын болғанда, оятуға бардым. Сол кезде қайтып кеткенін білдім. Демалмай жатты. Қасына барып, көйлегінің алдын шешіп, үрлеп, массаж жасадым", – дейді Аида Ақберліқызы.

Ауылдастары үркіп отырған мұғалім нағашы ағасының 2 шілде күні қайтқанын айтты. Алайда көрші-қолаңның айтуынша, қария сәуір айынан бастап көрінбеген. Ал мамыр-маусым айларында үйдің айналасынан жағымсыз иіс шыққан. 

Ал өліктің денесімен 7 ай бірге тұрған Аиданың өзі ешқандай иіс сезбегенін алға тартты. 

"Иіс шықпаған сияқты. Өзім ішінде жүрген соң ба?! Қазір жалғыз қалғанымды енді түсініп жатырмын. Бұрын атаға қарап, жалғыз екенімді білмейтін едім. 

Себебі үйге кіргенде, осы жерде атам жататын. Неге уақытылы айтпадым, ел ұқсап жерге көмбедім деп өкінемін. Ол кісінің алдында кінәлі сияқтымын", – дейді Аида Ақберлі.

Бұл ретте психолог Айгүл Алтайқызы психикалық ауытқушылығы бар адамдардың иіс сезбейтінін атап өтті. 

"Олардың көз алдында елестер пайда болады, ішінде бір адам отырған сияқты, соның айтқанын істейді", – деді маман. 

Аида Ақберліқызы Қызылорда қаласында туған. Айтуынша, биологиялық анасы Аиданы туған әпкесі Хамзияға берген. Аида әкесіз өскен, ал марқұм Сағынғали Ақберлиев оған қамқоршы аға әрі әке орнына әке болған.

54 жастағы Аида Ақберлі осы уақытқа дейін тұрмысқа шықпауының себебін "тағдыр" деп түсіндірді. Сөзіне қарағанда, жас кезінде кезіккен жігіттерді анасы ұнатпаған. Ал марқұм нағашысы отбасын құруына қарсы болмапты. 

"Шықсаң, жолың ашық. Бірақ бұл үйде тұрмайсың. Әркімнің өз үйі болуы керек, – деп айтатын", – деді Аида Ақберлі.

Бағдарлама сарапшылары марқұм Сағынғали Ақберлиев жиен қарындасы Аидаға сексуалды зорлық-зомбылық көрсеткен болуы мүмкін деген күдікті ортаға салды. Оған Аида Ақберліқызы. 

"Бала кезімде бір жолы анам малға шығып кеткен. Сол кезде мені атаның қасына жатқызып кетті. Үйге келген соң анам: "Көкең, ештеңе істеген жоқ па?" деп сұрады. "Жоқ" дедім. "Үстің су болып қалған", деді. 

Неге су болғанын білмеймін. Кішкентаймын ғой, оған мән берген жоқпын. Бірақ анам мені басқа бөлмеге әкетіп, тәптіштеп сұрады", - деп жауап берді.

Аида Ақберліқызы тұрмыста болмаған. Алайда жас кезінде жүкті болып, бала босанғанын мойындады. Сәбидің әкесі кім екенін айтпады. Баласын осы уақытқа дейін іздемеген ол жеке өміріне қатысты сауалдарға жауап беруден бас тартты. Айтуынша, мұның марқұмды 7 ай сақтауына ешқандай қатысы жоқ. 

"Ендеше неге сақтадыңыз?" дегенге атыраулық мұғалім "қимадым" дегеннен басқа нақты жауап бере алмады.

Ол өлікті қонақ бөлмеде жатқан жерінен келесі бөлмеге сүйреп апарғанын айтты. Бірнеше ай ішінде мүлдем иіс сезбегенін алға тартты. 

Аида Ақберліқызы жарты жыл бойы марқұмның зейнетақысын шешіп келгенін растады. Мұны ағасының өліп қалғанын білдірмеу үшін істепті. Шындық ашылған соң, 427 мың теңге көлемінде қайтарғанын айтты. 

"Мен өлтірген жоқпын. Қайғыдан қан жұтқан жанмын. Бәрі ішімде", - деді Аида Ақберліқызы.

Назгүл Әбушәріпқызы
Бейсенбі, 30 Қыркүйек, 2021 11:08