Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда жантүршігерлік жол апатынан бес адам бірдей қаза тапты

Елордада 30 қыркүйекке қараған түні жантүршігерлік жол апатынан бес адам қаза тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 30 қыркүйекте сағат 00:34 шамасында болған. Toyota Camry автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісі Есіл өзені арқылы өтетін көпірден Сарайшық көшесіне қарай жүріп, жылдамдықты асырған. Артынша рөлді басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Nexıa Ravon автокөлігімен соқтығысқан. Ол көліктің тізгінінде 28 жастағы жүргізуші болды.

Жол апатынан 5 адам көз жұмып, 1 адам жарақат алды.

Оқиға орнында екі жүргізуші, үш жолаушы қаза тапты. Toyota Camry автокөлігінің бір жолаушысы ауыр халде қала ауруханасына жеткізілді.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (көлiкті басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiкті пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жағдай) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетсек, ауа райының қолайсыздығына байланысты Нұр-Сұлтанда жол апаттарының саны күрт өсті. Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, өткен тәулікте қалада 91 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Ведомства жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жолда сақ болуға және жылдамдықты асырмауға шақырды.

Талқылау