Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ағашқа құлаған": Шардарада оқушы дене шынықтыру сабағы кезінде жарақат алып, көз жұмды

Фото: Ru.freepik.com

Түркістан облысы Шардара қаласында бір апта бұрын Қ.Аманжолов атындағы мектептің 5-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағы кезінде ауыр жарақат алып, көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 5-сынып оқушыларын аулаға алып шыққан. Бұл бірінші тоқсандағы дене шынықтырудың соңғы сабағы болған. Оқушылардың бірі 11 жастағы Арнұр Көшербай мектеп стадионының қоршауына мініп, абайсызда ағашқа құлап кеткен.

Мектептегі оқу ісінің меңгерушісі Нұргүл Қалдарбекованың айтуынша, оқушы ауыр жарақат алған.

“Стадионда бала қоршауға шығып, төмен түсе бергенде байқаусызда жіңішке ағашқа соғылып қалған. Қауіпті ештеңе байқалмады, қан да, көзге көрінетін жарақат та болмады. Бірақ баланы бірден ауруханаға жеткіздік”, – деді ол.

Дәрігерлердің сөзінше, бала қуық аймағынан ауыр жарақат алып, оған ота жасалған. Алайда операциядан кейін Арнұрдың жүрегі тоқтап қалған. Отбасы баланы жер қойнына тапсырды.

“Ата-анасы әзірге түсініктеме беруден бас тартты. Біз олардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Бұл – өте ауыр жағдай”, – деді білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева.

Сондай-ақ ол дене шынықтыру пәнінің мұлғалімі әзірге жұмысын жалғастырып жатқанын, бірақ прокуратураның ұсыныс енгізгенін мәлімдеді. Келесі аптада педагог тергеу аяқталғанға дейін қызметінен уақытша шеттетіледі.

Әріптестері 34 жастағы мұғалімнің мектепте он жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқанын және осы уақытқа дейін оның үстінен ешқандай шағым түспегенін айтады.

Шардара ауданының білім бөлімі оқиғаға байланысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Полиция қылмыстық іс қозғады.

Қайғылы оқиғадан кейін аудан мектептерінде қауіпсіздік техникасы бойынша қосымша нұсқаулықтар өткізіліп, балалардың даладағы сабақтар кезінде бақылауын күшейту жоспарланып отыр.

Айым Болатқызы
Жұма, 31 Қазан, 2025 12:48
Талқылау