"Ағам төсегімді жылытады": Тоғыз ағайындының кенжесі екенін айтқан Азамат Сатыбалды өзін бақытты адам деп санайды
Танымал актер Азамат Сатыбалды “Дастархан” бағдарламасына берген сұхбатында тоғыз ағайындының кенжесі болып ерке өскенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/azamatc
Актер отбасын, жеке өмірін көпшілікке көрсетпеуінің себебін түсіндірді.
“Көз тиіп кете мен деп қорқамын. Мен негізі ырымшыл адаммын. Көп нәрсеге сеніп қаламын. Мен өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Өйткені Алла Тағала мені қорғап, қорғаштап, жан-жағымды маған икемдеп жасаған сияқты болып көрініп тұрады. Өзім үйдің тоғызыншы баласымын. Ешқашан қолыма күрек ұстап, жұмыс істеген емеспін. Біздің үй таудың етегінде орналасқан. Күн салқын. Кешкі ас ішерде Жанат деген ағам тамағымды суытып отырады, Санат ағам шайымды суытып отырады, екінші әпкем нанға май жағып отырады, енді бір ағам менің жататын төсегіме барып жатып, жылытады. Баласың ғой, киіміңді шешіп жатқан кезде салқын, денем тітіркеніп кететін. Содан мен барып жатқанда жылы болуы үшін, ағам барып жатады. Шашымды алған кезде аға-әпкелерім жан-жағымда тұрады. Бір тал шаш денеме түспеуі керек. Түссе бітті, жылаймын. Солай еркелеп өстім”, – дейді актер.
Азамат Сатыбалды үйдегі шаруаларын да ағаларына сеніп тапсыратын көрінеді.
“Кейін өнерге келдім. Өнер танымалдылық әкелді, ол ді бір еркелік. Одан қалса Назгүл бар, ол да еркелетеді. Жалпы үйде көп жұмыс жасамаймын. Үйдегі жұмыстарды ағаларым келіп жасап кетеді. Үй шаруасымен Назгүл айналысады. Осыған көз тиіп кетпесе екен, осы күйінде қала берсе екен деп тілеймін”, – дейді Азамат Сатыбалды.
Айта кетейік, бұған дейін Азамат Сатыбалдының жары Назгүл Қарабалина екеуінің қалай танысып, табысқаны туралы баяндап берген болатын.