Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ тілін үйреніп, тойлардың жұлдызына айналдым": Африкалық жігіт Қазақстанға қалай келгені туралы айтып берді

“Қара бала” атанып кеткен Абдулла есімді африкалық жігіт бүгінде қазақтың тойларында өнер көрсетіп, танымалдылыққа ие болған. Не қазақ тілін, не орыс тілін білмеген ол алғаш Қазақстанға келгенде қатты қиналғанын жасырмады. Дегенмен қазір Абдулла қазақша сөйлеп қана қоймай, ән де шырқайды екен. Осындай мемлекетте тұрып жатқан жастар – нағыз бақытты адамдар деген ол Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, өз оқиғасын айтты. 

 – Абдулла мырза, өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қазақстанға қалай және қашан келдіңіз? 

 – Менің есімім Абдулла Хусейн Мухаммед, жасым 25-те. Мен Сомали деген елден келдім. Бұл мемлекет Африканың Шығысында, Қызыл теңіз бен Үнді мұхитының жағалауында орналасқан. Көп адамдар бұл мемлекетті біле бермейді. Қазір Сомалида 6 миллион адам тұрады. Дініміз – ислам, өзіміздің сомали тілінде сөйлейміз.  

Алғаш Қазақстанға 2016 жылдың 21 қарашасында келдім. Қатты тоңғаным әлі есімде. Сол жылы өмірімде алғаш рет қарды көрдім. Біздің елде көктем және жаз мезгілдері ғана: көктемде жауын жауса, жазда күн ыстық болады. Достарымның Қазақстанға жылы киімдер ала кел деген кеңесіне құлақ аспағаныма өкініп қалдым. Өйткені Дубай арқылы келген менің үстімде жеңіл жаздық киім еді, не болса да барғасын көрермін деп ойладым. Қазақстанға келген кезде аяқтарымның қалай тоңғанын айта алмаймын. Сол күні қар жауып тұрғандықтан кептеліс те өршіп Қаскелеңге дейін 3 сағат жүріп бардық. Жеткен соң сол уақыттан бастап 8 айдай уақыт жатақханадан шықпадым. Бұл жақтың табиғаты мен ауа райына алғашында үйрене алмадым. Кейін қыс өтіп жаз келген соң ғана біртіндеп үйренісіп кеттім.

Мен Сүлеймен Демириел атындағы университетте білім алдым. Ал өз елімде Сомалидегі түрік мектебінде оқығанмын. Біз Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан елдерінің Совет үкіметінің одақтастары ретінде білдік. Шетелге оқуға түсуіме ұстаздарым әсер етті. Түркияның екі университетіне грант ұтып алдым. Алайда сол жылдары Түркиядағы саяси қақтығыстардың салдарынан бара алмадым. Кейін маған туыс атам Қазақстанға бар деп кеңес айтты. Ол кісі кезінде осы Алматыда авиациялық мамандықта оқыған екен. Халқы мейірімді әрі мұсылман ел деп ақыл айтты. 

– Өзге елде ортаға, қоғамға үйренісу қиындық тудырмады ма?

– Негізі басында бәрі мен ойлағанымнан да басқаша болды. Басқа ел, басқа мәдениет, басқа адамдар, басқа тіл қорқыныш тудырғаны рас. Қазақстанға келгенде жатақханаға орналастық. Ол жерде жатақхана өмірін, тәртібін айтып, жөн сілтеген ағалар да болды. Кейін бірге оқитын сабақтастарыммен таныстым. Бір-екеуі болмаса, көбісі ағылшынша білмеді. Бағдарламалаушы мамандығы бойынша білім алдым. Университетте дәрістерді украиналық, орыс ұстаздар өткізетін. Тобымызда мен ғана шетелден келгенмін. Қалғандары жергілікті студенттер. Шымкенттен келген студенттер де болды. Олар сабақта орысша сөйлей алмай қиналса, мен не орыс тілін, не қазақ тілін білмей әбігерге түстім. 

Оған қоса мұнда келген кезден бастап өзге мәдениетке үйренісе алмай тұйықталып жүрдім. Себебі біздің елде бәрі басқаша. Бізде қыздар хиджаб киіп жүреді. Тіпті шетелдіктер келсе де, қандай дінде болсын бірінші әйел адамдарға орамал ұсынылады. Онсыз елге кіріп жүруге рұқсат жоқ. Ал мында асханаға кірген кезімде түрлі қыздар мен ұлдарды көріп бұл мәдениетке үйренісе алмай жүрдім. Мен асханаға кіре салып, қатарластарыммен отырмай, тамағымды тез алып, жатақханадағы бөлмеме кірген соң ғана бір-ақ жейтінмін. Ұялшақ, жасқаншақ болғаным сонша, бір жылдан аса мен асханада отырып тамақтанбаппын.

Жатақханада шамамен 200 студент болса, оның бірі де саған қарамайды. Әркім өзімен өзі жүреді. Біреуден асхананың қайда екенін сұрағанда айтып жіберсе, қуанатынбыз. Сол көптің арасынан Шымкенттен келген екі бала бізді осы жақтың өміріне үйретіп, достық қолдауларын керемет көрсете білді. Ол кезде бәріміздің де қиналып тұрған кезіміз. Олар тек қазақша сөйлейді, басқа тілді білмейді. Біз болсақ, бұл жақтағы тілдерден мүлде хабарымыз жоқ. Алайда сол екі бала бізді сыртқа шығарып, қоғаммен араласуға үйретті. Шымкентте сендерге ұқсайтын достарымыз көп деп әзілдейтін. Бізге қажетті заттарды керек кезінде беріп, көмектесіп, Алтын Ордаға, Aport секілді сауда орталықтарына апарып, керек дүниелерімізді алуға көмектесті. Кейін жаз келген кезде сол балалар бізді сыртқа шығарып, Тимирязева көшесінің бойында велосипед теуіп, Арбатқа ертіп әкеліп, көпшілік адамдардың ортасында үйренісуімізге септігін тигізген болатын. Демалыс уақыты келгенде біз үшін Шымкентке бармай Алматыда қалып жанымызда жүрді. Солардың арқасында ортаға, қоғамға сіңісіп үйреністік. Ал қазір көріп жүргендеріңіздей бір тойда 200 адамның алдына шығып өнер көрсетеміз. Бірге қиналып, бірге жүрген олардың шын пейілдері мен ақ жүректеріне қарап, жасаған жақсылықтарын ешқашан ұмытпаймыз!

Сұхбаттың толық нұсқасын ютуб арнамыздан тамашалаңыздар

 

– Алғаш қазақ тілін қалай үйрендіңіз? Тілге деген қызығушылығыңызды не ашты?

– Қазақ тілінде бірде бір сөз білген жоқ екенімді жоғарыда айттым. Көшеге шыққан кезде адамдардан баратын мекенжай сұраудың өзі мен үшін қиын болды. Нәтижесінде таксиге біршама қаражат кетіріп, адасқан да сәттерім болған. Міне, осындай жағдайлар мені қайрап, тіл үйренуіме жігер берді деп ойлаймын. Кейбір басқа ұлт азаматтары “біреулер тиісті, сол оқиғадан соң тіл үйренуді шештім” деп айтып жатады ғой. Маған бұл елде ешкім күш көрсеткен емес. Өзімнің тілге деген қызығушылығым мен айналамдағы адамдарды түсінуге деген талпынысым басым болды. 

Қазақ тілін қиын деп те, оңай деп те айта алмаймын. Мен оның қиындығына да, жеңілдігіне де қараған жоқпын. Қызығушылығым күшті болған соң, адамдармен араласып, әңгімелесіп жүріп, тез үйренуге тырыстым. Адамдарды түсінудің өзіне 1 жыл 8 айдай уақыт кетті. Кейін тілім екі-үш сөз айтуға келді. Сөйтіп ойымды адамдарға екі үш сөзбен жеткізіп жүрдім.

Менің Белградта оқитын ағам маған орыс тілін үйрен деп кеңес айтатын. Ол өзі 12 жыл бойы сол жақта тұрып, сол елдің тілін жақсы меңгеріп алған. Бір күні сол ағам хабарласып, “сен әлі орысша үйренбегенсің бе?” деп сұрады. Мен сол кезде онымен қатты сөзге келіп қалғанмын. Не үшін Қазақстанға келіп, мен орыс тілін үйренуім қажет? Онымен қоймай, ол университеттегі ұстазға хабарласып, маған орыс тілін үйретуді сұрапты, анама хабарласып, менің қырсыққанымды айтыпты. Бірақ мен бәрібір қазақ тілін үйрендім, тілді тез үйренуге деген талпынысым одан сайын еселене түсті.

– Неліктен өзге елге барып оқуды ұйғардыңыз? Ата-анаңыз, отбасыңыз өзге елге кетуіңізге қарсылық танытпады ма?

– Негізі менің бұл шешімімді қолдаған адам табылмады. Мен өзім 14-15 жасымнан бастап, құрылысқа барып, аудармашы болып жұмыс істегенмін. Сомалиде мен лицейде оқығандықтан жатақханада тұрдым. Сол кездерден бастап өзім ақша тауып, үйдегілерден жырақ өмір сүруді үйреніппін. Құрылыстан күніне 6 доллар табатынмын. Ол біз жақта біршама ақша. 

Біз 11 ағайындымыз. Анам – көңілді, ашық жан. Ал әкем – өте салмақты адам. Жасы 76-да, біздің қаладағы университетте декан болып жұмыс істейді. Ол өзі жұмыс істейтін университетте оқуымды сұраған. Бірақ мен қарсы болдым. Себебі ағаларым да сол жерде оқыған, онсыз да бәрі мені көрген кезде “әй, мынау Хусейннің баласы ғой” деп айтатын. Әкемнің қанатының астында жүре бергім келмеді. 

Мен әкеме ұрсыспай, бір келісімге келейік деп ұсыныс айттым. Жұмыс істеп ақша тауып, кейін қалаған мемлекетіме барып оқитынымды айтқанымда әкем егер өзің шешім шығарсаң, үйден кетесің деп айтты. Мен алған бетімнен қайтпай үйден кетіп қалдым. Алайда бірнеше айдан соң анам шыдамай қайтарып алды.

Одан кейін жұмыс істеп жүріп Қазақстанға баратын болып шешім қабылдап, анама айттым. Ол әкемнен сұрауымды өтінді. Әкемнің жоқ деп жауап беретінін біліп тұрсам да, ата-анам болғасын сұранайын деп ойладым. Ал негізінде оның қарсылығына қарамай кетуге бекінгенмін. Сөйтіп сұранғанымда әкем әдетінше рұқсат бермеді. Біздің елде елшілік болмағандықтан, Эфиопияға барып алып келдім де, әкемнен көмектесуін сұрадым. Ол менің айтқанымнан қайтпайтынымды түсініп, Алматыға келуіме, билетіме қолдау көрсетті. Қазір ата-анам менің шешімдеріме қарсылық танытпайды. 

– Өзіңіз қазақтың тойына шығып өнер көрсетесіз, әлеуметтік желіде де белсендісіз. Тіпті киноға да түсіп жүр екенсіз. Жалпы шығармашылық, өнер әлеміне қалай келдіңіз? 

– Мен кішкентай кезімнен комедия жанрына қызығушылық танытатынмын. Біздің үйде Болливуд арналары үнемі қосылып тұратын. Қазақстанға келіп қазақ тілін үйреніп жүргенімде бұл елде де әзілдің бар екенін, бұл елде де телевизиялық “Жайдарман” сияқты шоулардың бар екенін білдім. Сөйтіп басында түсінбесем де соларды телефоннан қосып қойып көріп жүретінмін. Кейін тіл үйренген соң Шымкентке барған кезімізде жайдарманшылармен таныстық. Олармен бірге қызықты видеолар түсірдік.

Мен Қажет Смағұлов деген ағамен танысқалы, ол кісі қазақ тілін үйренуімде көп қолдау көрсетті. Бірге қазақша вайндар түсіріп, желіге салып жүрдік. Кейін басқа да жұлдыздармен таныстық. Жатақханада болған кезімізде маған достарым түрлі қазақша әндерді үйреткен болатын. Ал Шымкентте Абай Бегеймен ән айтып жүрген “Акуна Матата” тобы тойға шығып жүрді. Мені де достарым тойға шығуға шақыратын. Бірақ мен ұялатынмын. Кейін Шымкенттен Еркебұлан деген продюсер мені арнайы шақырып, тағы бір топ құратынын, менің қазақшамның жақсы екеніне қызығатынын айтып өзіне шақырды. Осылайша мен де тойға шығып кеттім. Қазір киноларға да шақырту түсіп тұрады.

– Өзіңіз секілді өзге ұлт өкілдеріне айтар кеңесіңіз бар ма?

– Негізі қай елде, қай жерде жүрсең де сол елдің салт-дәстүрін, тілін құрметтеп, үйрену керексің. Шетке шығып, жалғыз жүріп қиналған кезде ғана барлығына үйренесің. Жаныңа сол елді білетін адамды ертіп жүрсең әрине, соған сеніп жүре беруің мүмкін. Қазір Қазақстанда Африкадан келгендер, осы жақта туып өскендер мен мулаттарды қосқанда шамамен 800 адамдай бар. Сол 800 адамның ішіндегі Қазақстанда туып-өскендерге қазақша сөйлеу міндеті бірінші тұр. 

Мен басында Қазақстанды бұлай елестетпегенмін. Келгеніме өкінетін шығармын деген қорқыныштың болғанын жасырмаймын. Қазір дәл осы Қазақстанға келгеніме шүкіршілік етемін. Жаспыз ғой, достарымыз бар. Қазақстан дамып, өсіп келе жатқан керемет ел! Кейде қазақ жастары осындай елдің қадірін кішкене бағаламайтын сияқты деп ойлаймын. 


Талқылау