Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АЭС құрылысына қатысты референдумға дайындық қалай жүріп жатыр

6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты референдум өтеді. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы төртінші референдум болмақ. Астана қаласында дауыс беруге арналған 386 сайлау учаскесі ашылады. Stan.kz тілшісі бірнеше учаскені аралап, референдумға дайындық барысын біліп көрді.

референдум

Фото: Stan.kz, №94 сайлау учаскесі

Астанада дауыс беруге құқығы бар 906 мыңнан аса азамат тұрады. Референдум қарсаңында сайлау комиссиясының мүшелері бұл азаматтардың жартысынан көбіне жеке шақырту беріп үлгерген. 

Ұлттық мұражайдағы №94 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Батырхан Жұмабаев референдумға толық дайын екенін айтады. 

референдум

Фото: Stan.kz

"Сайлау учаскесінде жеке және заңды тұлғаларға қатысты деректер, референдум жөнінде заңнама қойылған. №15 зал бүгінде дауыс беру орнына айналған. Сонымен қатар шағын Халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Дауыс берушінің жеке деректерінде қате табылса, осы жерде бірден түзетіп алу мүмкіндігі қарастырылған. Ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған дауыс беру орны жасақталды, мұндай орындар барлық учаскеде бар", – дейді ол. 

Фото: Stan.kz, Батырхан Жұмабаев

Батырхан Жұмабаевтың сөзінше, учаскеде 9 комиссия мүшесі бар. Барлығы Орталық сайлау комиссиясы тарапынан арнайы сертификат алған. 

"Комиссия мүшелеріне арнап оқыту процесі жүргізілді, сертификат алды. Олар – жоғары білімді мамандар. Президенттің жолдауынан кейін референдумға дайындық басталып кетті. Қысқа уақыттың ішінде үлкен жұмыс атқарылды. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер, дауыс беру жәшігі қойылды. Қазір 100%-ға дайынбыз деп айта аламын", – деп түйіндеді ол. 

Фото: Stan.kz, №3 сайлау учаскесі

Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттер үйінде орналасқан №3 сайлау учаскесіне 4685 дауыс беруші тіркелген екен. Комиссия төрағасы Гүлназым Алгалиева референдум алдында тұрғындарға жеке шақыртуды тапсырып шыққанын жеткізді. 

"Референдумға дайындық 6 қыркүйекте басталып кеткен. Учаскелік инспектормен бірге тұрғын үйлерді аралап, шақыртуларды тапсырдық. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың санын анықтап алдық, себебі референдум кезінде кей азаматтар сайлау учаскесіне келе алмағандықтан, үйіне барамыз. Бұған дейін комиссия мүшелеріне өзім семинар өткіздім. Оның аясында тұрғындармен сөйлесу, кеңес беру секілді мәселелер толық қамтылды. Референдумның болашақ үшін маңызын ескере отырып, тыңғылықты жұмыс жүріп жатыр. Кеңес алуға дауыс берушілер де ел болашағы үшін дауыс беруден қалмайтынын айтып кетеді", – дейді Гүлназым Сәкенқызы. 

Фото: Stan.kz

№3 сайлау учаскесінде комиссия мүшелері жұмысты таңғы 06:00-ден бастайды екен. Дауыс берушілер үшін учаске есігі 07:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. 

№113 сайлау учаскесі де референдумға 100% дайын екендерін жеткізді. Комиссия төрағасы Сания Тухтынова учаске жұмысымен таныстырып, дайындық барысы жайлы айтып берді. 

Фото: Stan.kz, №113 сайлау учаскесі

"Дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бір күн бұрын мұнда бюлетеньдер әкелінді, полицияның қатысуымен санап, дайындап қойдық. 5 қазанда дауыс беру жәшігіне пломба қойылады. Бақылаушылар үшін де орын жасақтадық. Олардың саны дауыс беру учаскесінің ауданына қарай бөлінеді. Егер учаске үлкен болса, бақылаушылар да көп болады деген сөз. Учаскеде референдум жайлы ақпараттар орналастырылған. Азаматтар түрлі сұрақтармен келіп жатады. Біз оларға дауыс беру реті, қай учаскеге тіркелгені жайлы деректер ұсынамыз", – деп сөзін бастады Сания Тухтынова. 

Фото: Stan.kz

Сайлау учаскесінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған барлық жағдай жасалған. Мәселен, көру қабілеті нашар жандар үшін үлкейткіш әйнек беріледі, ал компьютерден референдум туралы деректерді тыңдай алады. 

Фото: Stan.kz

"Ақпараттар аудио түрінде және сурдоаудармамен ұсынылады. Мұның барлығы дауыс беру кезінде ешқандай қиындық туындамау үшін жасалады. Бүгінде сайлау учаскесі референдумға дайын", – дейді комиссия төрағасы. 

Орталық сайлау комиссиясы көру қабілеті нашар жандарға арналған Брайль қарпімен 2 359 трафарет әзірлеген. 

Талқылау