Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әдейі өртеді: Қызылорда облысында шаруаның 700 бас қойы өртеніп кетті

Сұмдық! Қызылорда облысында егістік алқабында жайылып жүрген жеті жүзге жуық қой өртеніп кетті. Бір шаруа қожалығына қарасты ашатұяқтылардың өлексесін бақташы камераға түсіріп алған. Мал қожайындары түліктің әдейі өртелгенін алға тартып отыр.

Бұған жайылымға жақын маңдағы күріш алқабы қожайындарының қатысы бар дейді, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Кеше ғана сарғайып жатқан мына күріш алқабы бүгінде қап-қара тегіс алаңға айналды. Күрішті жинап болған дихандар алдағы маусымға дайындық деген мақсатпен осы жерге от жіберіпті. Алайда осы уақытта осы жердегі алқапты екінші бір шаруа қожалықтың уақ малы жайылып жүрген көрінеді. Кәсіпкердің айтуынша, осы алқапта 1300-ден астам қой отқа оранған көрінеді.

Сәбит Әуелбеков оқиғаны өз көзімен көргенін айтады. Шаруашылықта бақташы болып жұмыс жасайтын ол егістікке дихандар келіп, еш ескертусіз от тұтатты деп отыр.

"Осы картада мал жайып жатқанмын. Сонымен мына бұрышында тұр едім бір машина өтті де арғы басына барып күбірлеп тұрды. Содан мен өртеніп, не қылып жатқан соң ана балалар көмек бере ма деп едім, ол балалар жағалап былай қарай өртеп кетті до конца. Сонымен малды шығара алмай қалдым, өзім келдім де қуып келіп осы араға келген кезде игере алмай қалдым ғой. Мынаның барлығын өрт басып кетті да сол малды тастап, өзім қашып кеттім", - деді бақташы Сәбит Әуелбеков.

Оқиға кеше кешкі сағат алтылар шамасында болған. Сол жерге жеткен төтеншеліктер тілсіз жауды 9-ға таяу сөндірген. Егістік бір мезетте күріштіктен мал өлекселерінің алқабына айналыпты. Ал малдың иесі болса осының салдарынан қып-қызыл шығынға батқанын айтады.

"Қазір санадық, әлі де болса қосылып жатыр. 257-сі күйіп өлген, күйік шалғаны мына жерде қазір 253 бас, мына жақта тағы 300-дей күйгені бар. Аналық бас кемі 60 мың теңге ғой, тоқты бар оның ішінде 500 бас. Барлығы семіз, 90 мыңнан қошқар әкеліп қосқанбыз олардың да барлығы жанып кетті", - деді шаруа қожалығының басшысы Мейіржан Құтыбаев. 

Ал диханшылар қойларды қасақана өртеген жоқпыз дейді. Олар келесі жылы да мол өнім алу үшін алқапты жоспарға сай өртегендерін айтады. Алайда сол ортада жел күшейіп кетіпті.

"Осының 22-23-теріне жауын бар деген. Сол үшін өртеп зәбке дайындауымыз керек болған. Мысалы ол 6-картадан қойған отты. Мал бірақ мына жақта болған шығар деген. Сол екі арада жел күшейіп кеткен. Жел алып өтіп кеткен, әйтпесе дәл мал жатқан атызға ешкім от қоймаған", - деді шаруа қожалығының орынбасары Ғабит Исаев. 

Аққорған ауылдық округінің әкімі малшылардың бұл жерге үй жануарларын жаюға рұқсаттары жоқтығын айтады. Ауыл ақсақалдарымен өткізген жиналыста осыған қатысты шешім де шығарылған екен.

"Шығынға ұшырап тұрған мал "Ынтымақ" деген шаруа қожалықтың малы. Ол Бірлікке ме басқа ауылға тіркелген. Бұл ауылға тіркелген мал емес. Жалпы ауылдың қоғамдастығымен, ақсақалдар кеңесімен бірлескен отырысының хаттамасы бар: ауылдың егістік алқаптарына ауылға тіркелген малдар жайылсын, басқа жақтың малдары жайылмасын деген сондай қаулы бар", - деді оруг әкімі Ардар Садықов. 

Кімдікі дұрыс, ал кімдікі бұрыс екені алдағы уақытта шешілетін болады. Қазір оқиға орнында аудандық полиция бөлімінің тергеушілері жұмыс жасауда. Ал өтемақы мәселелері тек осы тергеуден кейін нақты белгілі болады дейді шенділер.


Қойлар туралы қызықты 17 мәлімет

Жылқылар туралы 11 қызықты дерек

Талқылау