Адасқан жігіттің тағдыры туралы айтқан теолог салафи ағымына талдау жасап берді
Дін атын жамылған жат идеологияға өтіп кеткендердің көпшілігі түрменің аржағында отырғанда өкініп жатады екен. «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологы, дінтану магистрі Серікжан Еншібайұлы адасқан тағдыр жөнінде кеңінен айтып берді.
Бұл туралы «Атырау» газеті жазады.
Теологтың айтуынша, ол жазасын өтеп отырған 1992 жылы туған атыраулық жас жігіттің тағдырымен жақсы таныс екен. Жылдар бойы тұрақты жүргізілген жұмыс нәтижесінде, ол жігіт қазір дәстүрлі мәзһабқа оралыпты.
Бастапқы кезде ол жігіт діни сауатын мешіттен ашады. Кейін әлеуметтік желілер ар-қылы түрлі діни топтарға қосылып, уағыздарды тыңдай бастайды.
«Кейіпкеріміз кезінде Атырау қаласына қарасты Геолог елді мекеніндегі өзгеше ойлайтын топтың ішіндегі лидерлердің қатарында болған. Түрлі уағыздарға әбден уланған олар уақыт өте келе мешітке келуді де доғарады. Себебі, олар мешіт имамдары бидғатшы, яғни, дінге жаңалық енгізушілер деген пікірде болған. Осылайша, үйді-үйге жиналып, өзара диалог құру кезінде бұл жігіт бірнеше адамды Сирияға кетуге үгіттеген. Базардың төңірегінде жүріп, біраз ақша жинаған жігіт Сирияға аттанып бара жатқан жерінен ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол дер кезінде теологтарды тыңдамағанына өкінеді. «Бар арманымыз Сирияға аттану болды. Ол кезде баланы да, әке-шешені де, отбасымызды да ойлаған жоқпыз. Сондықтан, Саид Бурятский, Дарын Мубаров сияқты жалған ұстаздарды тыңдамауға шақырамын» дейді жігіттің өзі», – дейді теолог.
Сондай-ақ, теолог салафи ағымына талдау жасады. Оның сөзінше, бұл ағымға ергендердің өзі төрт санатқа бөлінеді: радикалдар «джиһад», «такфир» ағымын берік ұстанады. Олардың ойынша, мемлекет – ширк. «Байсалды салафилер» мемлекетті мойындайды, имамға қарсы келмейді екен.
«Атырауда қазір осындай радикалды бағыттағы үш-төрт топ бар. Оның әрқайсысына шамамен жиырма адамнан мүше. Сонда біз оларды шартты түрде жүз адам деп алып қарастыратын болсақ, оңалту процесінде негізгі күшті олардың лидерлеріне арнағанымыз тиімді», – дейді Серікжан Еншібайұлы.
Оқи отырыңыз:
Жетім жігіт өзін тастап кеткен анасына арнап кеш өткізді
Астаналық бойжеткен әйгілі америкалық байқауда жеңімпаз атанды
Семейлік математик АҚШ үкіметінде қалай жұмыс істеп жүр
Қазақстандық блогер: Эротикалық фильмдердің жұлдызын не үшін мешітке кіргізді?