Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адамдардың ұлтына назар аудармауды сұраймын": Блогер Диас Құзайыров кешірім сұрап, видео-үндеу жариялады

Блогер Диас Құзайыров Youtube-арнасында Риддер қаласындағы жағдай бойынша көпшілікке және әкімдік қызметкерлеріне арнап, видеоүндеу жариялады.  Ол бейнежазбада адамдардың ұлтына назар аудармауды айтып, әкімдік қызметкерлерінен кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Әлеуметтік желіден

Құзайыров видео жолдауында екі жолдасы Әділжан Әбдуғалиев және Әділ Юсуповпен бірге әкімдік ғимаратына алдын ала ескертусіз кіріп, қолайсыздық келтіргені үшін әкімдік қызметкерлерінен кешірім сұрады.  

Ол Риддерге “Шаңырақ” мектебінің мәселесі бойынша барғанын айтады. Мемлекеттік органға осы сұрақты қою үшін олар мемлекеттік тілде сөйлеген. Сол кезде мемлекеттік қызметкерлердің көбі қазақ тілін білмейтіні белгілі болған.

“Сол жағдай біздің ызамызды келтірді. Себебі біз мұндайды басқа еш жерден көрмеппіз. Алдын ала жазылуымыз керектігін түсінем. Біз өкінішке қарай олай істемедік. Ал күзет қызметкері бізге ескертпей, ғимаратқа емін-еркін кіргізді. Біз ғимаратқа ескертусіз кіріп, солайша ойсыз мемлекеттік органдардың жұмыс регламентін бұздық. Оларды ыңғайсыз жағдайда қалдырдық. Бәлкім, сондағы әйел камера ұстаған үш еркекті көріп, эмоциямен құқық қорғау органдарына жүгінген болуы керек. Қылмыстық іс солайша қозғалған, – дейді ол.

Диас Құзайыров осы жағдайды “реттегісі келетінін” айтты.

“Мемлекеттік органдар қызметкерлеріне ыңғайсыздық туғызып, оларды жұмыстан алаңдатқаным үшін кешірім сұраймын. Олар (әкімдік қызметкерлері) тарапынан дәл сондай адекватты және осыған ұқсас реакция болар деген үміттемін. Бәрі Алланың қолында. Ал жазылушылардан алаңдамауды және адамдардың ұлтына назар аудармауды сұраймын, өйткені біз ұлтымызға қарамастан бәріміз қазақстандықпыз, - деді Құзайыров.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық белсенділер Диас Құзайыров, Әділжан Абдіғалиев пен Әділ Юсуповтың үстінен Риддер шенеуніктерінен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін қылмыстық іс қозғалған еді. 

Айнұр Мұхади
Сенбі, 07 Қазан, 2023 10:37
Талқылау