Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның мегаполистері мен алты облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 50 мүшесі ұсталды

Қазақстанда 2 миллиард теңгеден астам ақшаны жымқырды деген күдікпен ұйымдасқан қылмыстық топтың 50 мүшесі ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Күдіктілер Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген операция нәтижесінде ұсталған. Комитеттің хабарлауынша, операция еліміздің үш мегаполисі мен алты облысын қамтыған.

"18 қыркүйекте Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстауға арналған операция жүргізді. Барлығы 50 адам ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.



Комитет мәліметінше, ұсталғандар тауарлар мен автокөліктерді аса ірі көлемде ұрлауды ұйымдастыру бойынша күдіктеліп отыр. 

"Олар тауарлар мен автокөліктерді аса ірі көлемде ұрлау арнасын ұйымдастырып, ұйымдасқан қылмысты қаржыландырды деп күдіктеліп отыр. Сондай-ақ 20-дан астам адамның сеніміне кіріп, 2 миллиард теңгеден аса мүлікті тонаған. Топтың нақты иерархиясы мен қатысушыларының рөлдері бөлінген. Олар қылмыс пен деструктивті діни ортаның өкілдерінен, соның ішінде түзеу мекемесінде жазасын өтеушілерден құралған”, – делінген хабарламада. 

Тінту кезінде банк карталары, ірі көлемдегі ақшалар, экстремистік әдебиеттер, ақша аударымдары бар жазбалар және тергеуді қызықтыратын басқа да заттар табылды.

Айта кетейік, бұған дейін полицейлер бопсалаумен айналысқан 20-дан астам топты анықтаған еді. Жалпы республика бойынша осындай 400-ден астам қылмыс тіркелсе, оның 39-ы мектептер мен колледждерде екен. 

Талқылау