Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Адамдар үйін тастап қашып жатыр: Павлодар облысын тасқын су басты

Павлодар облысын тасқын су басып жатыр. Әсіресе Рождественка ауылы қызыл судың құрсауында тұр. 30 шақты үйді аман алып қалу үшін құтқарушыларға автокөлік жолын бұзуға тура келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Соған қарамастан еріген қар суы екі баспана мен бірнеше ауланы шайып кетті. Белуардан су кешкен тұрғындар үйін тастай қашыпты.

Ал жергілікті әкімдік зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіледі деп отыр. 

Жергілікті тұрғындар басына түскен қиындыққа қарамастан, бір тәуліктен бері жұмыс істеп жатқан құтқарушыларға ыстық шай ұсынып, шамасы келгенше көмектесіп жатыр. Қазір бұл ауылда резеңке етік таптырмайтын қат тауарға айналған. Күн енді ғана жылынғандықтан тұрғындар  қар бұлай жылдам ериді деп ойламапты. 

"Қалаға кеткенмін. Қайтып келсем маңайымыздың бәрін су басқан.  Көлігімді гаражға кіргізгенім сол еді, су табалдырықтан асып лап қойды. Суға толған жертөледе картоп, басқа да азық түліктеріміз қалды. Қорадағы тауықтарды да құтқара алмадық", - дейді Рождественка ауылының тұрғыны Анатолий Кухарев.

Анатолийдің көршісінін жағдайы тіпті қиын. Жер үй төмендеу тұрғандықтан сырттан кірген ағын су тізеден келеді. Бұл үйдегілер ең қажет заттарын алып жанталаса сыртқа ұмтылған. Рождественка ауылында қар суы жылда көтеріледі. Бірақ дәл осындай асып-тасуы болмапты. Осы жолы мұндағы  30 үйдің де ауласына топан су кіріп кеткен. Тұрғындар жергілікті басшылардан биыл да  ағын су өтетін  арық салуды сұрапты. Бірақ суағар болмай, көлік жолын талқандауға тура келген.

"Мегіз мың текше метрден аса су сорып шығардық. 30 үйді аман сақтап қалу үшін үйлердің арасынан өтетін жолдарды бұзып, су арнасын бұруға тура келді. Автокөлік жолы бұзылған соң екпіндеп келген ағын су біртіндеп ауылдың солтүстік бетіне қарай аға бастады. Сөйтіп көтерілген су сыртқа кетті", - дейді Павлодар облысы ТЖД басқарма бастығы Ақылбек Баяхметов.

Ауылды құтқару үшін автокөлік жолын бұзған құтқарушылар әлі де жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуге арнайы комиссия құрылған. Ал бүлінген дүние-мүлкі, үй-жайлары су әбден кеткен соң тексеріледі.

"Кімге қандай көмек керек, оны комиссия анықтайды. Алдымен ең бірінші кезектегі қажеттілікті тауып беруіміз керек. Киімкешек, төсе-орын.Содан кейін ғана шығын есептеледі. Үйлері қаншалықты бүлінді? Оған сараптама жасалады", - дейді Рождественка ауылы округінің әкімі Рашит Галеев.

Тұрғындар апат тағы қайталануы мүмкін деген үреймен отыр. Өйткені ауыл айналасындағы алқаптарда әлі қар көп. Ал синоптиктер жақын күндері ауа температурасы 20 градусқа дейін жылиды деп болжайды.

Талқылау