Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адамдар қаңғыбасқа айналды": Теміртауда газ жарылған үйге тұрғындарды тек ең қажетті заттарын алуға кіргізіп жатыр

Теміртау қаласында бес қабатты үйде газ жарылып, тұрғындар жартылай қираған үйден бағалы заттарын шығара алмай жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Жарылыс болған тұрғын үй тұрғындары

Теміртаудағы үйлердің бірінде газ жарылғаннан кейін 19 тұрғын политехникалық колледждің жатақханасына орналастырылды. Тұрғындарға қираған пәтерлерге ең қажетті деген заттарын және құжаттарды алуға ғана кіруге рұқсат етіледі.

"Бір жағында мысығым, бір жағында итім бар, күйеуім екеуміз осындамыз, балам ағамның үйінде. Үй техникасын алып кетуге бола ма десем, рұқсат бермеді. “Егер пәтер жарылыс себебінен қирағаны дәлелденсе, біз қалыпқа келтіріп береміз. Ал егер үй құлап қалса, онда шығындарды өтемейміз деп айтты", – дейді үй тұрғыны Анна Майжалова.



Тұрғындар кешеден бері пәтерлеріне кіре алмай отыр. Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, кіре беріс есіктер жабық. Оқиға болған күннен кейін оларға ең қажетті заттарды алуға рұқсат етілді, бірақ тек бір отбасы мүшесі кіре алады. Ол  басына дулыға киіп, құтқарушылармен бірге жүруі керек.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, газ үшінші қабатта жарылған. Төрт пәтер толығымен қирап қалды. Оқиғаның мән-жайы мен ары қарай не болатыны апта соңына дейін жарияланады деп уәде етілген. Үй иелері мен шенеуніктер кіреберіс қалпына келеді деп үміттеніп отыр. 80 пәтердің тұрғындары туыстарына кетсе, қалған 19 адам жатақханаға орналастырылды.

"Менің пәтерім,  толық көре алмасам да, қабырғалары тұрған сияқты.. Қонақ бөлменің төбесі жарылыпты. Бірақ мен маман емеспін. Адамдар далада қалды. Яғни қаңғыбастарға айналды. Өзімді осылай есептеймін", – дейді тұрғын Татьяна Дрогайкина.

Еске салсақ, Теміртау қаласында бес қабатты үйде газ жарылып,  салдарынан екі пәтердің арасында қабат опырылып түсті. Төрт адам жарақат алып, 53 адам эвакуацияланды.

Талқылау