Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Саусағымды шауып тастады": Қазақстанда еңбек құлдығына түскен азаматтар өз оқиғаларын айтты

"Родник" әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығының  мәліметінше Қазақстанда 2005-2022 жылдар аралығында 588 адам адам саудасының құрбаны болған. Олардың 322-сі әйелдер болса, қалған 266-сы ер азаматтар. Дегенмен мамандар іс жүзінде құлдыққа түскендердің саны әлдеқайда көп болуы ғажап емес. Себебі көп жағдайда құрбандардың бастан кешкендері жабулы қазан күйінде қалады. Stan.kz еңбек құлдығына тап болғандардың оқиғаларын назарларыңызға ұсынады. 

құлдық

Қор мұрағатынан. Құлдықта болған өзбек азаматтары

“Полицейлердің өзі көмектеспеді”

Шағын ауылда тұратын Рәзия (есімі өзгертілген) туған жерінде жұмыс болмағандықтан нәпақы табу үшін қалаға аттанады. Осылайша ол қала сыртындағы мейрамханадан  аспаз, даяшы әрі тазалаушы болып жұмыс істеуге келіседі. Сөзінше, алғашқы күні жұмыс беруші қызметке тіркеймін деген желеумен қыздың құжаттарын алып алады. Бірақ сол күйі кері қайтармайды. 

“Кейіннен жалақымды кешіктіре бастады. Төлейтін уақыт келгенде кейін беремін деп уәде етті. Бұл кезде менің тұратын жерім де жоқ еді. Осылайша қақпанға түскен аңдай күй кештім. Азық-түлік пен үй мәселесі бойынша тікелей жұмыс берушіге тәуелді болдым”, –дейді Рәзия. 

Сөзінше, өзін еңбек құлдығында ұстағандар оны мейрамханадан басқа жерге аттап басқызбапты. Тіпті қонақтарға жақындауға тыйым салған. Бір күні кешенге тамақтануға келген полицейлерді көрген Рәзия бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға бел буады. 

“Полицейлерден көмек сұрағым келді, алайда не істерімді білмедім. Басқа амалым болмағандықтан өз тамырымды кесуге мәжбүр болдым. Себебі бұл полицейлердің назарын аударады деп үміттендім. Бұл ісіме қатты ұялдым, дегенмен өзімді құтқарудың жалғыз жолы осы еді”, –  дейді ол.

Бірақ полицейлер оны құтқармаған көрінеді. Жағдайын айтқан Рәзияны мейрамханадан алып кетудің орнына тәртіп сақшылары кешен иесіне ескерту жасап, кетіп қалады. 

“Оқиға болғаннан кейін сол түні аяусыз соққыға жығылдым. Егер мұндай жағдай қайталанса, мені басқа біреуге сатып жіберемін деп бопсалады. Басқалардан көмек болмайтынын түсінген соң, қашуға бекіндім. Кешен иесінің ішімдік ішіп ұйықтап қалғанын пайдаланып, құжаттарымды алып, терезеден шығып кеттім. Қараңғы, суық әрі қорқынышты болды. Алайда әрі қарай қалу мұнда қалғым келмеді", – деп еске алды Рәзия. 

Айтуынша, түнімен жаяу жүріп, таңға жуық қалаға жеткен. Полицейлермен болған жағдайдан кейін ол адамдардан көңілі қалып, өзінің бастан кешкенін ешкімге тіс жармау туралы шешім қабылдайды. 

“Күштеп еңбек етуге мәжбүрлеген кісі мені тауып ала ма деп қорыққандықтан шашымды қиып, басымнан қалпақ тастамайтын болдым. Уақыт өте қарт әйелдің күтушісі болып жұмысқа орналастым. Кейіннен мен секілді адамдарға көмектесетін ұйымдардың бар екенін білдім. Осылайша іздене келе "Родник" қоғамдық қорына тап болдым. Бүгінде қор қызметкерлері бастан кешкендерді ұмытып, жаңа өмір бастауда қолдау көрсетті. Тіпті сүйікті ісім – тігіншілікпен айналысуға мүмкіндік сыйлады”, – деген Рәзия.

Қазірде ол мұндай жағдайға тап болмас үшін басқаларына жылдам шешім қабылдарда абай болу керектігін айтады.

құлдық

Қор мұрағатынан. Рәзияның басынан кешкен оқиғалардан кейін салған суреті

“Саусағымды шауып тастады”

62 жастағы Шалқар есімді (есімі өзгертілген) қырғызстандық азамат Қазақстанға жұмыс іздеп келгенін айтады. Алайда жол-жөнекей ол құжаттарын барлығын жоғалтып алған көрінеді.

“Базарға қолға тиген қандай жұмыс болса да істеймін деп шыққанмын. Бірақ ол жақта мені Мажит есімді жігіт алдап, біреуге сатып жіберіпті. Еңбек құлдығына түскенімді кейіннен бір-ақ білдім. Жеке шаруашылықта кез келген жұмысты істедім. Қателік жіберсем, жұмыс беруші соққыға жығып, аяғымнан балтамен ұратын. Тіпті оң қолымдағы саусағымды шауып тастауға дейін барды. Көмек сұрап, кетіп қалатын мүмкіндік болмады”, – дейді құлдыққа түскен азамат. 

2020 жылдың желтоқсанында Қырғызстанның "Эл агартуу" қоғамдық ұйымы Бас прокуратурадан Шалқарды тауып, елге қайтару жөнінде көмек сұраған. Іске қазақстандық “Родник” қоғамы араласып, қырғызстандық азаматты іздестіру басталған. 

“Тек осыдан кейін ғана құлдыққа түскен мені іздеу жұмыстары басталыпты. Сол жылы 22 желтоқсанда полицейлер келіп құтқарып алды. Жағдайымның мүшкіл екенін байқап, туған еліме қайтару жолдарын қарай бастады. Осылайша 30 желтоқсанда өз еліме аттанды”, – дейді азамат. 

 

Қазақстанда құлдықта болғандардың басым бөлігі – Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары

Халықаралық көші-қон ұйымының мамандары Орта Азия елдері ішінде географиялық жағдайы мен экономикалық ілгерлеуіне байланысты Қазақстанда адам саудасы деңгейінің жоғары екенін айтады.

“Құлдыққа түскен адамдардың оқиғалары бір-біріне ұқсас. Көпшілігі әлеуметтік желіден, мессенджерлерден, тіпті Еңбек биржасынан жұмыс туралы тиімді ұсыныс алады. Мысалы, Тәжікстанда ресми еңбек биржасы арқылы келісімшартпен адамдар жинаған. Осылайша тамыздың соңында 27 адамнан тұратын бірінші топ, қыркүйекте 50 адамды Қазақстанға кіргізген. Барлығын құрылыс нысандары бойынша бөлген. Кейбірінің медициналық сақтандыруы да болған. Алайда жұмыс аяқталған соң азаматтарды елге қайтарып, жалақы төлемеген. Көп жағдайда елімізде құлдыққа түскендердің басым бөлігі – көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, сонымен қатар Тәжікстан азаматтары ”, – дейді “Родник” қоғамдық қорының заңгері Бақыт Диана. 

Заңгердің сөзінше, кез келген адам адам саудасының құрбаны болуы мүмкін. Мұндай жайттардан ешкім сақтандырылмаған. 

“Адам саудасымен шұғылданатындар өз құрбандарын жасқа, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарай бөліп жатпайды. Адам саудасы азамат жақсы қызмет туралы хабарламаны оқыған сәттен-ақ басталады деуге болады. Бұдан кейін билетін сатып алып береді немесе әуежайдан күтіп алады”, – деп қосты маман.  

Қор өкілі қазіргі уақытта құлдықтың жаңа түрі – вебкамингтің Қазақстан қарқынды дами бастағанын айтады. Сөзінше, камера алдында тұтынушылардың айтқанын орындап, жыныстық қарым-қатынасқа түседі екен. Адам саудасының мұндай түрі елімізде жақында, пандемия басталған кезеңде басталған. 

“Бір сөзбен айтқанда, жас қыздар, жасөспірімдер жақсы табысқа алданып қалады. Нәтижесінде, құлдықтың құрбаны болады. Жастар мұндай ақпаратты біліп жүргені абзал”, – деп түйіндеді заңгер. 

Сөзінше, қазіргі таңда адам саудасына кінәлілерді жазаға тарту қиынға соғады екен. Себебі көп жағдайда зардап шеккендер сот процесі ұзақ уақытқа созылғандықтан арызын кері қайтарып алатын көрінеді. Кейде қылмыс құрамы толық болмағандықтан іс ілгерлемей, тұрақтап қалады. Өйткені дәлел аз болғандықтан, қылмыстық іс тек жапа шеккендердің түсініктемесі негізінде құрастырылады.

Айта кетсек, елімізде адам саудасына қатысы бар азаматтар үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 128-ші “Адам саудасы” бабына кінәлі азаматтар сәйкес төрт жылдан он сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүкін. Бұған қоса айыпталушылардың мүлкі тәркіленеді.

Талқылау