Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Адам өлтірді деп айыпталған Мұратхан Тоқмәди соттан жазасын жеңілдетуді сұрады

Белгілі кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиге қатысты өтіп жатқан аты шулы сот процесі аяқталуға жақын. Бүгін өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы шыны корольі атанған бизнесменге 12 жыл жаза кесуді сұрады. Ал, адам өлтірді деп айыпталған Тоқмәди өзінің соңғы сөзінде бес баласы барын ескеріп, мейлінше жеңіл жаза тағайындауды өтінді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Істі қарап жатқан судья Азамат Тілепов сол болған жайттың жауабын білгісі келген еді. Өйткені сот отырысы басталысымен ол Тоқмәдиге бірнеше сауалды төтесін қойды. Яғни, одан «не үшін із суыттың және саған қысым жасалды ма» деп сұрады. Алайда, Тоқмәди «жоқ» деген жауаптан басқа ештеме айтпады.

Сотта кезінде ҰҚК –нің төрағасы болған Нартай Дүтбаевтан бүгін куәгер ретінде жауап алыныпты.

Мемлекеттік айыптаушы Тоқмәдидің атышулы ісіне құпия қызметтің экс-төрағасы болған Нартай Дүтбаевтың қатысы бар деп есептейді екен. Бірақ ол сот процесіне келмей тек Астанадағы сот залынан онлайн байланысқа шықты. Дәл осы Дүтбаевтан жауап алынар кезде ақпарат құралдары сот залынан шығартылды. Өйткені мемлекеттік құпия мәліметтер жария болып кетуі мүмкін дейді прокурор.

«Қылмыстық жауапқа тартылып жатқан азамат есебінде, Дүтбаевтың түсініктемесі осы іске тікелей қатысы бар деп ойлаймыз. Ал жауап алу кезінде мемлекеттік құпия мәліметтер жария болып кетпес үшін, ақпарат құралдары өкілдерін қатыстырмауды сұраймын», – дейді мемлекеттік айыптаушы Асхат Есқалияв.

Кейін анықталғаны, Нартай Дүтбаев Мұхтар Әблязовпен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтқан. Сөйтіп, қашқын банкирдің өтінішімен, Ержан Тәтішевтің басқан қадамын аңдып, жиналған мәліметтерді Әблязовқа беріп отырғанын растаған екен.

Прокурорлар Тоқмәдиді 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ белгілі бизнесмен өзінің бес баласы барын ескеріп, жазаны  едәуір жеңілдетуді өтінді.

«Құрметті сот, мен тағылған айыптаулармен келісемін. Менің процессуалдық келісімге келгенімді және оны толық атқарғанымды ескеруіңізді сұраймын. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларым бар екенін ескеріп, жазаны  едәуір жеңілдетуіңізді сұраймын», – дейді Тоқмәди.

Атышулы процестің өтіп жатқанына бүгін тура бір ай болды. Сот барысында 130 куәгерден жауап алынған. Ал жұма күні яғни 16-шы наурызда үкім шығады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз:

Қазақстандықтар Наурыз мейрамына орай қай күндері демалады

Сәуле Әбединова: Азаматтар, жақсы қыздың сізбен бас қосып жаман қатын болғанына өзіңізден басқа ешкім кінәлі емес

Жұмыртқа ұзақ сақталу үшін үшкір жағын төмен қаратыңыз: Асүйге қажетті 15 кеңес

Талқылау