“Адам басына 20 мың”: Мешіттегі жаназаға арналған ас мәзірі қазақстандықтардың жағасын ұстатты
Астана мешіттеріндегі жаназаға арналған ас мәзірінің бағалары жұрттың жағасын ұстатты. Бірнеше Алла үйінің асханасында қонақасы жасайтын жан әр адамға 7 мен 20 мың теңге аралығында төлеу керек екен. Алайда бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ас берудің бекітілген ережесі барын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
Мұндай қымбат мәзір туралы ақпаратты мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жариялаған. Тек елорда емес, кей өңірлердегі мешіттерде де жағдай осыған ұқсайды.
Үш түрлі салат, екі түрлі ыстық тамақ, тәттілер мен сусындар. Мешіттегі бұл ас мәзірі мейрамханадан еш кем емес. Бағасы да қымбат. Адам басына бақандай 20 мың теңге. Астанадағы Хазірет Сұлтан мешітінде қонақасын өткізу құны бір адамға 7 мың теңгеден басталады екен. Яғни, мәзірді шамаңызға қарай таңдай аласыз. Бұл деректерді мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев берді. Ал кей тұрғындар бұл қайдан келген баға деп аң-таң.
Ал, өңірлердегі мешіттерде ас беру бағасы екі есеге төмен. Мысалы Талдыққорған, Петропавл, Ақтөбеде бір адамға тек мың теңгеден алса, Ал Қызылордадағы Алла үйінде 5 және 7 мың теңге аралығындағы мәзірлер ұсынылады.
Атырау облысында мұғалімдер жаназаға мектеп автобусын пайдаланған: Мектеп директоры жұмыстан қуылды
Қызылордадағы орталық мешіттің жанындағы ас беретін орында жаназадан кейінгі ас беруге келген азаматтарға екі мәзір ұсынылады екен. Біріншісі 4800 теңге. Оған 7 түрлі ас-ауқат енгізіледі. Ал дастарқаныңызға салаттар, қазы-қарта қоямын десеңіз, мәзірдің екінші нұсқасы, яғни адам басына 5900 теңгеден келетін мәзір ұсынылады.
"Біз осы мына мүфтият бекіткен 4800 теңгенің менюын ұсынамыз. Кей кісілер бірден құптайды. Дұрыс, отбасымыз осындай болып жатқанда, осы стол болады дейді. Кейбір адамдар бар біздің ұжымымыз бар, ата-анамыз жақсы қызметте болған өз еркімізде деп, басқаны қалайтын адамдар бар. Таңдау халықтың өзінде”, – дейді “Ақмешіт” орталық мешіті асханасының қызметкері Аяш Балғабаева.
Демек, аста-төк жиын өткізуді марқұмның туыстары қалайды. Кейде ысырапшылдыққа жол бермеу керек деген имамдардың кеңесіне құлақ аспайтындар бар дейді асхана қызметкері. Ал бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ас берудің ережесі бұған дейін бекітілген деп отыр.
"Бірнеше жыл бұрын біз ас беру мәдениеті деген құжатты қабылдағанда оның ішінде көрсеттік. Аллаға шүкір, қазір еліміздің көптеген өңірінде сол құжат бойынша көптеген астар өтіп жатыр. Өзіміздің қазақстандық өнімдерді, қазақ тағамдарын қою да айтылды. Ірімшігіміз бар, женттеріміз бар”, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ержеге сәйкес, аза тұтқан әулеттің дастарқаны барынша қарапайым болу керек. Бірақ бұл мәдениетті қалыптастыруға мешіт қызметкерлерінің де шамасы жетпей тұрған секілді.
Еске салсақ, осыған дейін Қостанай облысында жаназаға дейін ас беруге және бірнеше рәсімдерге тыйым салынғанын жазғанбыз.