Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Абсурд сөздер айтпаңыз": Ақмола облысының әкімі журналистерге қатты жауап бергені үшін кешірім сұрады

Ақмола облысының әкімі журналистерге қатты жауап бергені үшін кешірім сұрады

Видеодан скрин

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Астанадағы жақында өткен брифингте эмоционалды жауап бергені үшін журналистерден кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Осыған дейін Марат Ахметжанов есеп беру кезінде журналистердің сауалына көңілі толмай, ренішін айтқан еді. Әкімге сұрағы ұнамағандардың бірі – "Хабар" арнасының тілшісі. Ол мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтар үшін сатып алған баспаналардың сапасы жайлы сауал қойған.

"Маған нақты айтыңызшы, қай жерде не қирап жатыр? Мұндай абсурд сөздер айтудың не керегі бар? Біз сатып алған үйлердің қайсысы бүлінген? Барлық тұрғын риза. Тек Қосшы бойынша белгілі бір мәселе бар. Ол жерге әлі орналасып болған жоқ. Қазір жылу бойынша мәселені шештік", – деп дауысын көтере сөйлеген еді әкім.


"Қандай проблема бар?": Ақмола облысының әкімін жол бойындағы дәретханалар туралы сұрақ ашуландырды


Ахметжанов sinegor.kz журналистеріне берген сұхбатында не себепті бұлай жауап бергенін түсіндірді. Ол облыстағы нақты жағдайды білетінін, сұрақ қойған адамның жағдайдан мүлдем хабары жоқ екеніне ашуланғанын айтты.

“Әрине, эмоциямен жауап бергенім дұрыс болған жоқ. Біріншіден, ешкімді ренжітетін ойым болған жоқ, бейсаналы түрде болды. Біреуге қатты жауп беріп, ренжітіп қойған болсам, кешірім сұраймын”, — деді әкім кейінірек тыныш ортада.

Марат Ахметжанов Ақмола облысының журналистері мен блогерлеріне объективтілігі үшін алғысын білдірді.

Оған қоса әкім Қосшыдағы үйлер әлеуметтік осал топтарға арналмағанын, мемлекеттік баспана емес екенін нақтылады. Бұл коммерциялық тұрғын үй, адамдар оны 2023–2024 жылдары ипотека арқылы өздері сатып алған. Ғимараттар жеке құрылысшының кепілдігінде, әкімдік оны сатып алмаған және сапасына қатысы жоқ.

Косшы қаласындағы “Орман Поляна” тұрғын ауданында шамамен екі жүз тұрғын толық төлем жасағандарына қарамастан, бір жыл бойы өз пәтерлеріне құжат ала алмай отыр. Белгілі болғандай, құрылысшы “Жас Құрылыс АСТ” ЖШС тұрғын үйлерді банкке кепілге қойған.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 25 Қараша, 2025 18:33
Талқылау