Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әбілхан Қастеевтің қызы атақты әкесі, үйдегі тәрбиесі мен құндылықтары туралы сұхбат берді

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, әйгілі кескіндемеші Әбілхан Қастеев жан жарымен, тоғыз баласымен бірге өмірінің соңына дейін тұрған үй бүгінде халықтың мұрасына айналған. Қазақстандықтарға есігін айқара ашып тұрған мұражай-үйде кезінде қазақ халқының атақты, дарынды тұлғалары жиі бас қосқан. Stan.kz ақпараттық агенттігінің редакциясы қазақтан шыққан ең танымал суретшінің үйіне барып, оның жұмыс істеген шеберханасын көріп қайту мүмкіндігіне ие болды. 

Әбілхан ҚастеевӨмірінің соңына дейін еліне қызмет етіп, артынан өшпес із қалдарған суретшінің үй-мұражайы осыдан бес жыл бұрын ашылған. Бұл үйге кезінде әрбір қазақ емін-еркін кіріп келіп, суретшінің қонақжайлылығының арқасында жоғары дәрежедегі сый-құрметті көрген.

Қастеевпен бірге бір дастарханда отырып, шай ішіп, әңгіме дүкен құруға мүмкіндік алған. Суретші баспанасына келген бірде-бір адамның, тіпті бейтаныс жанның да бетін қайтармаған. Қастеевтің қызы Гүлдария Қастееваның айтуы бойынша, олар тұрған үйден қонақ тыйылмайтын. 

Әбілхан Қастеев"Үйде әкем ғана жұмыс істейтін. Жүз жиырма мың сом көлемінде зейнетақы алатын. Анам үйдің шаруасымен айналысатын. Бірақ біздің үйден қонақ тыйылмайтын. Есік үнемі ашық тұратын. Қаптаған адамдар, туған-туысқандар, танитын, танымайтындар бар әйтеуір біздің үйге келіп жататын. Келген қонақтардың барлығын сыйдыру үшін далаға шатыр құратынбыз. Сонда "неге келдіңіздер" деп сұрамаймыз.

"Анам мен әкем бізге "ана кісі оқуға түсем дейді, оқуға апар", "Медкомиссиядан өтемін дейді дәрігерге апар" деп тапсырма беретін. Ата-анамыздың сөзі біз үшін заң болатын.

Солай айтқан соң, сөздерін жерге тастамауға тырысатынбыз. Ренжіп, өкпелеп қалуды білмедік. Апар деген жерлеріне автобус, троллейбуспен немесе жаяу жүріп апаратынбыз", — дейді суретшінің қызы. 

Әбілхан Қастеев

Бұл бөлмеде тұрған үстелдің үстінде Нұрғиса Тілендиев, Шара Жиенқұлова, Тахауи Ахтанов, Жамал Омарова, Ескендір Тынышбаев сынды зиялы тұлғалар бас қосқан. Гүлдария Қастееваның сөзінше, суретшілердің сұрауы бойынша анасы Сақыш лағман созатын.

Үйге Сахи Романов, Үкі Әжиев, Молдахмет Кенбаев, Әубәкір Ысмайылов, Жаңатай Шәрденов жиі келіп тұратын. Осы үстелдің басында әңгімелесіп, лағман жеп, рахаттанып отыратын болған.

Әбәлхан ҚастеевӘбілхан Қастеев достарымен бірге дастархан басында. Солдан оңға қарай: мүсінші Хәкімжан Наурызбаев, суретшілер Сахи Романов және Үкі Әжиев. 

Әбілхан Қастеев

Суретші пайдаланған ыдыс-аяқтар

Әбілхан Қастеев

Самаурын

Әбілхан Қастеев

Әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған сағатты Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік қолданбалы өнер колледжінің ұжымы Қастеевтің елу жылдығына сыйлаған.

Алты ұлы мен үш қызына барынша жақсы тәрбие беруге тырысқан суретші олардан әкелік мейірімін аямаған. Қастееваның сөзінше, ешқашан ұрысып, дауыс көтермеген. Керісінше, тапқан табысына балаларға сыйлықтар жасап,  әрдайым қуантып, өсиетін айтудан шаршамаған екен.

Әбілхан ҚастеевӘбілхан Қастеев жары Сақышпен

"Біз орысша оқыдық. Орыс ұлтының балалары әке-шешелеріне "сен" деп сөйлейді. Әкем маған: "Ешқашан анаңа сен деме, маған да "сіз" деп сөйле, cен деген жараспайды" дейтін. Сол сөздері жадымда сақталып қалды.

Сосын үйде тамақты әрдайым анам әзірлеп қояды. Анамызды ойламаймыз да, барлығымыз анам дастарханға отырғанша тамақты жабылып жеп тауысып қоятынбыз. Сонда әкем анамызды да ойлап, оған тамақ қалдырып қоюын сұрайтын. Расында әкемнің сөздерінен кейін "бәрін жеп алып анамызға қалдырмадық" деп ойланып қалатынбыз. 

"Әкем түрлі заттарды алып бергісі келетін. Мысалы, қолшатырды бізге сыйға тартқанда қатты қуанатынбыз. Кішкентай жазу үстелінің ішінде бояу, түрлі қылқаламдар жататын. Кілтпен құлтаулы тұратын тартпаның ішінен әкем танамоншақ, сынды түрлі сыйлықтарды алып шығатын.

Әбілхан Қастеев балаларымен

Әкеміз әдемі-әдемі заттарды сол жерге әдейі салып қоятын. Тартпаның ішінен бір күні шұлықты шығарып: "мынау саған" деп ұсынғаны есімде. Әкемнен "Бұл не?" деп сұрағанымда "Білмеймін, базарда барлығы сатып алып жатыр екен, мен де алдым" деп жауап берген еді", — дейді Гүлдария Қастеева. 

Суретші 69 жасқа келгенше, төсек тартып аурып қалған уақытына дейін сурет салумен айналысып, сүйікті ісін тастамаған. 

"Суретшілердің көбісі аяғына дейін жұмыс істемейді екен ғой. Әкеміз дүниеден озғанша сурет салды.1973 жылы тары өсіру ісінің шебері Шығанақ Берсиевтың суретін салып бастап, аяқтай алмай қалды. 1958 жылы әкемнің екі мың жұмысы болған. Ал елу сегізінші жылдан кейін жасаған жұмысының саны  төрт мыңға жетіп қалған шығар. Жұмыстары өте көп",—дейді суретшінің қызы.

Әбілхан ҚастеевӘбілхан Қастеев жұмыс істеген шеберхана 

Әбілхан Қастеев

Әбілхан Қастеев суреттерді тұрып салған және сурет салуға қажетті құралдардың басым бөлігін өзі жасаған. Нақтырақ айтқанда, табиғатқа шыққанды өзімен бірге алып жүретін этюдникті, молбертті өз қолымен істеген. 

Әбілхан ҚастеевӘбілхан ҚастеевӘбілхан Қастеевтің әйгілі "Түрксіб" туындысы

Қастеевтің үй-мұражайында суретшінің күнделікті тұрмыста қолданған заттары сақталып тұр. 

Әбілхан ҚастеевӘбілхан Қастеев пайдаланған фотоаппарат пен күнделіктер

Әбілхан Қастеев

Қастеевтің өзі домбыра тартпаса да, Нұртай атты ұлы бұл аспаптың құлағында ойнаған екен. Суреттерді әкесі секілді керемет салған, өлең жазып, өнерімен ерекшеленген Нұртай он алты жасында жүрек дертінен қайтыс болған екен. 

Әбілхан ҚастеевҚазақстан композиторлар одағының Қастеевтің алпыс жылдығына берген сыйлығы. 


Үй-мұражай жайлы репортажды жасауға көмектескені үшін Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлдария Қастееваға және барлық Қастеев әулетіне алғыс айтамыз. 

Әбілхан Қастеев атындағы үй-мұражайдың мекенжайы: Бекхожина 6A көшесі, байланыс телефоны - 291-89-08.

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау