Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұят": Мәслихат депутаттары Самат Смақов пен Давид Лория тарихқа қатысты сұрақтарға жауап бере алмай қалды

Астана қаласы мәслихатының депутаты Давид Лория мен Семей қаласы мәслихатының депутаты Самат Смақов "Жібек жолы" телеарнасының "Жұлдызбысың" бағдарламасына қатысып, математика және тарих пәндері бойынша білімдерін сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Кадрдан алынған скрин

Бағдарлама барысында тележүргізуші депутаттарға математика, тарих және логика бойынша сұрақтар қойды. Мәселен, Самат Смақовтан қазақ әліпбиінде қанша әріп бар деген сұраққа ол – 38 (дұрыс жауап: 42) деп жауап берді. Давид Лориядан "Абай жолының" авторы кім деп сұрағанда, депутат күліп: Абай (дұрыс жауап: Мұхтар Әуезов) деп жауап берді.



Ал Самат Смақовтан мейіздің неден жасалатынын сұрағанда, ол: қанттан (дұрыс жауап: жүзімнен) деп жауап берді. Бұл ретте Смақов математикадан: жетіні нөлге көбейтсе, қанша болады деген сұраққа дұрыс жауап бере алмады. 

Депутат Давид Лория сақ патшайымы кім деген сұраққа Тамара (дұрыс жауап Томирис) деп жауап берді. Бағдарламадан кейін ол Instagram желісінде сегізінші сыныптың Қазақстан тарихы кітабын оқып отырған суретін жариялады.

Давид Лория - қазақстандық футболшы және қақпашы. Қазақстанның үш дүркін чемпионы. 2023 жылдың наурыз айында Астанадағы №14 сайлау округі бойынша бір мандатты кандидаттар арасындағы сайлауда  жеңіске жетіп, мәслихат депутаты болды. Оны сайлауға "Аманат" партиясының елордадағы филиалы ұсынған. Қазір ол Астана футбол федерациясы қауымдастығының президенті қызметін атқарады.

Самат Смақов – қазақстандық футболшы, орталық қорғаушы. Қазақстандағы ең атақты футболшы: Қазақстанның алты дүркін чемпионы, бес дүркін жүлдегері және төрт дүркін үздік футболшысы. 2023 жылдың қазан айында Семей қалалық мәслихатының депутаты болды. 

Талқылау