Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысының әкімі өңірде орташа жалақы көтерілгенін айтты

Абай облысы өзінің алғашқы жылында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша сенімді өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлан Ұранхаев айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Алғашқы жылымыз әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан оң серпінге ие. Жыл көлемінде ай сайын барлық индикаторлар бойынша тұрақты өсім сақталуда. Бүгінгі таңда өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 107,5%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 44,2%-ға өсіп, 426,2 млрд теңгеге жетті", — деді Нұрлан Ұранхаев Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде.

Әкімнің айтуынша, құрылыс саласында өсім 141,1%-ға, өнеркәсіпте — 106,3%-ға, ішкі саудада — 103%-ға, ауыл шаруашылығында — 101,7%-ға жетті.

Сонымен қатар, 233,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (өсім 108%), бұл 2 443 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

"Өндіріс қарқыны әлеуметтік көрсеткіштерге де оң әсерін тигізді. Орташа айлық жалақы 17,6%-ға өсіп, 292,8 мың теңгені құрады. Облыс бюджетінің өз кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд теңге түсірді. Биыл облыс бюджетінің көлемі 419,2 млрд теңгені құрады. Білім беру саласы бойынша шығыстар 1,2 есеге, денсаулық сақтау — 2 есеге және ауыл шаруашылығы 7 есеге өсті", — дейді әкім.

Ал облыс орталығы Семей қаласының бюджеті 103,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдан 51,4%-ға артық.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі 2 есеге және әлеуметтік қорғау көлемі 23%-ға ұлғайған.

"Президент тапсырмасымен Абай облысының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары Үкімет қаулысымен бекітілді. Ондағы инвестиция көлемі 1,9 трлн теңге және 102 іс-шара қарастырылған. Биыл 89,2 млрд теңгеге 45 іс-шараны жүзеге асыру жұмыстары басталды. Бес жылға арналған инвестициялық жобалар пулы жасақталды. Оған 8 мың жұмыс орнын қамтитын 1,4 трлн теңгенің 44 жобасы енді. Биылға 600 жаңа жұмыс орны бар үш жоба іске қосылды, құны — 19,1 млрд теңге", — деді Абай облысының әкімі.

Талқылау