Абай облысындағы ауылдардың бірінде аулаларды су басты: Тұрғындар үйлерінен кетіп үлгерген
Абай облысының Бородулиха ауданы Красный Яр ауылында бірнеше ауланы су басты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Облыс әкімдігінің мәліметінше төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар, жедел құтқару жасағы мен полиция бөлімшелерінен барлығы 123 адам және 39 техника, оның ішінде 3 жүзу құралы ауылға шоғырландырылған. 5 сәуірде қауіпсіздік мақсатында ауылдағы өзен жағасына жақын көшенің 26 тұрғыны өз еріктерімен мектепке уақытша орналастырылды.
“Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері аулаларын су басуы мүмкін тұрғындардың малдарын басқа шаруа қожалықтарына жеткізді. Облыс әкімі Берік Уәли бүгін, таңертең ерте Бородулиха ауданына арнайы келді. Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Манарбек Шапағатовпен бірге әуелі Үбі өзеніндегі су деңгейін тікұшақ арқылы әуеден бақылады. Содан кейін ауылға келіп, жедел штабтың жиынын өткізді”, – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев пен аудан әкімі Айдар Ибраев аймақ басшысына ахуалды баяндады. Аудан әкімінің айтуынша, елді мекендегі өзен жағасына жақын 30 шақты үйдің ауласына су кірген.
Елді мекенде жедел штаб құрылған. Оған облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков жетекшілік етеді. Үбі өзеніндегі мұз кептелісін жойып, су арнасын толық ашу үшін мұз жару жүргізіліп жатыр. Ауылдағы басқа аулаларға судың кіруіне жол бермес үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Аймақ басшысы тиісті орындарға жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
"Красный Яр – аудандағы жыл сайын су басу қаупі төнетін ауылдардың бірі. Елді мекендегі жағдайды кешеден бері жеке бақылауымда ұстап отырмын. Аудан әкімі мен тиісті құрылымдарға тұрғындарға түсініктеме жұмыстарын жүргізуді, жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырамын. Мұз жару жұмысын кешке дейін аяқтау қажет", – деді аймақ басшысы.