Абай облысында қызмет бабында қаза тапқан семейлік орманшылар мен өрт сөндірушілерге арналған ескерткіш ашылды
Абай облысында орман өртіне қарсы күресте жанын қиған өрт сөндірушілер мен орманшыларға арналған ескерткіш ашылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Қуаныш Сүлейменов, қайтыс болған орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен жергілікті жұртшылық қатысты. Сондай-ақ батырлардың құрметіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Бұл ескерткіштің авторы – тарихи тұлғалардың ескерткіштерін жасаған танымал мүсінші Нұрбол Қалиев. Гранит тұғырға орнатылған сегіз метрлік ескерткіш тілсіз жауға қарсы тұрған "Семей Орманы" резерватының батыл орманшыларының рухына тағзым іспеттес. Қоладан жасалған ескерткіш қаза тапқандардың батылдығы мен өз істеріне деген адалдығын бейнелейтін рельефтермен безендірілген.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың сөзінше, ескерткіш адам өмірінің қаншалықты нәзік екенін көрсетеді. Сондай-ақ әкім бір-бірімізге қамқор болуымыз керегін жеткізді.
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Қара орманды қадірлеп, батылдық пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткендер ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бұл тұғыртас табиғаттың тосын мінезіне төтеп берген азаматтардың атын әйгілеу үшін арнайы қойылып отыр. Есімдері тарих тақтасына алтын әріппен жазылып, ұрпағы мақтан етер жерлестерімізге, біз қашанда басымызды иеміз", – деді облыс әкімі.
Марқұм орманшының туысы Арай Әмірханова ескерткіштің батырларға тағзым етудің символы екенін айтты.
"Ашылған ескерткіш бейбіт күннің батырларына көрсетілген құрмет деп есептеймін. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды сол қайғылы күннен бері сезініп келеміз. Бірі жарынан, бірі ұлынан, бірі аға-бауырынан айырылған қайғылы жағдайды ел болып бірге өткердік. Бүгін міне еңселі ескерткіш орнатылды. Алғаш рет бізбен кездескенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық көмекті аласыздар деп айтқан болатын. Президентімізге қолдау көрсетіп, көмек қолын созғаны үшін зор алғыс білдіремін", – деді Арай Әмірханова.
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ескерткіш Бородулиха ауданындағы Камышенка орманшылығының маңы мен республикалық күре жолдың бойында орналасқан. Ол ерлік пен адалдықтың мәңгілік символына, халқының қауіпсіздігі мен табиғатты қорғау жолында барын құрбан еткендерді еске салады.