Абай облысында әскери бөлімдегі жанжал кісі өлімімен аяқталды
Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қорғаныс істері бөліміндегі адам өліміне қатысты істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот дерегіне сәйкес кешкі уақытта "Үржар аудандық қорғаныс істері бөлімі" ғимаратының асханасында жүргізуші болып қызмет атқаратын азамат П., күзетші М., И., және техникалық жұмыскер азамат Р. спирттік ішімдік ішкен.
“Түн ортасында П. М. мен И.-ды үйлеріне апарып тастап, содан кейін дүкен "Ақжол" маңында Р.-мен бұрынғы келіспеушіліктер негізінде жанжал туындаған. Жанжал төбелеске ұласып, П. Р.-ның бетіне бірнеше рет жұдырығымен соққы жасап, мойын, жүрек, арқа және іш тұсына бірнеше мәрте пышақ жарақатын салған. Салдарынан Р. оқиға орнында қайтыс болған. П. оқиға орнынан қашып кеткен. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бұл әрекет үшін сегіз жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған”, – делінген хабарламада.
Жәбірленуші тараптың өкілі П.-ның әрекеттерін Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі бойынша саралау туралы өтініш білдірді, себебі пышақ жарақаттарының саны бұл әрекеттерді қайта саралауға негіз бола алады деп есептеді.
“Сот ҚР Жоғарғы Сотының "Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау туралы" нормативтік қаулысының 10-тармағына сүйене отырып, П.-ның әрекеттерін 99-баптың 1-бөлігіне сәйкес дұрыс саралаған. Себебі, пышақ жарақаттарының көп болуы әрекетті қайта саралауға негіз бола алмайды, егер өлтіру кезінде жәбірленушіге ерекше азап шектіру мақсаты анықталмаса. П.-ның төбелес кезіндегі және жәбірленуші қайтыс болғаннан кейінгі әрекеттері ерекше азап шектіру ниетінің болмауын көрсетеді. Прокурор П.-ның әрекеттерін 99-баптың 1-бөлігі бойынша саралау туралы ұстанымын қолдады. Мемлекеттік айыптаушы П.-ны кінәлі деп танып, 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұрады. Адвокат П.-ның кінәсін толық мойындауын, жасаған ісіне өкінуін, бұрын сотталмағанын ескере отырып, ҚР ҚК 55-бабын қолдану арқылы жаза тағайындауды сұраған”, – деп қосты соттың баспасөз қызметі.
Соттың үкімімен П. кінәлі деп танылып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.