Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде бұрын сотталған әйел қоғамдық қорға басшы болып, 130 миллион теңге жымқырған

Қолына теңге ұстаған әйелФото: depositphotos.com

Семейде аз қамтылған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек көрсету сылтауымен ақша қаражатын алаяқтық жолмен иемдену және жымқыру дерегі бойынша сот үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Абай облыстық сотының мәліметінше, 2023 жылдан 2025 жылдың наурызына дейін айыпталушы С Семейдегі "Ц" қоғамдық қорында басшылық қызмет атқару кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істей отырып, алдау арқылы ақша қаражатын жымқыру схемасын әзірлеп, жүзеге асырған.

Әйел жәбірленушілерге аз қамтылған отбасыларға жеңілдетілген шарттармен тұрғын үй алуға көмектесу үшін қоғамдық қорға қаражат салатын демеушілердің бар екені туралы әдейі жалған ақпарат берген.

Оқиғаның шынайы көрінуі үшін ол жалған пәтер табыстау рәсімдерін ұйымдастырып, жәбірленушілерді, қор қызметкерлерін, құрылыс салушыларды және жылжымайтын мүлік сатушыларын аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға және даму ерекшеліктері бар балаларға арналған тұрғын үйлер сатып алынады деген желеумен адастырған.

Жеңілдетілген пайызсыз несие алу үшін алғашқы жарна ретінде, не болмаса "демеушілерден көмек келеді" деген желеумен, сондай-ақ мемлекеттен пәтер алу кезегін жылжыту мақсатында әйел жәбірленушілерден ақша алып, оны өз қалауынша жұмсап келген.

2025 жылы қоғамдық қорға басшылық қызметке тағайындалғаннан кейін айыпталушы қордың банктік шотына қол жеткізіп, электрондық банк кілтін пайдалана отырып, қордың ақшалай қаражатын өз жеке шотына аударған. Жалпы сома 5 миллион теңгеден асқан.

Әйелге "алаяқтық жасау" және "қызметтік жағдайын пайдалана отырып ақша қаражатын иемдену" баптары бойынша айып тағылды.

Прокурор айыпталушыға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін мәлімдеді.

Сот әйелдің бұған дейін ауыр қылмыстар үшін сотталғанын және соттылығының жойылмағанын анықтады. Оның әрекеттерінде қылмыстың қайталануы бар деп танылып, бұл қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде ескерілді.

Жаза тағайындау кезінде сот жәбірленушілердің ұстанымын, олардың барлығында даму ерекшеліктері бар балаларының болуын, сондай-ақ келтірілген залалдың өтелмегенін назарға алды.

Сот үкімімен әйел кінәлі деп танылып, оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қосымша сот әйелді коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 6 жыл мерзімге айыру жазасын тағайындады.

Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтауда бухгалтер жүкті әйелдерді пайдаланып мемлекеттен 146 миллион теңге жымқырғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 10 Сәуір, 2026 21:08