Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда бухгалтер жүкті әйелдерді пайдаланып мемлекеттен 146 миллион теңге жымқырған

Фото: freepik.com

Ақтауда бухгалтер жүкті әйелдерді пайдаланып мемлекеттен 146 миллион теңге жымқырған. Ол желіде әйелдерге жәрдемақы көлемін арттырамын деп уәде етіп, аттарына кәсіпкерлік тіркеу арқылы мемлекеттен қаражат алып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бухгалтер өзінің кәсіби білімін пайдаланған. Ол жүкті әйелдерді қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.

“Қатысушыларды тарту үшін Instagram әлеуметтік желісі арқылы өзін әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу жөніндегі маман ретінде таныстырған. Кейін жәрдемақы көлемін арттыруға көмектесетінін уәде еткен. Схеманы жүзеге асыру үшін туыстары мен таныстарының атына нақты қызмет жүргізбеген бірнеше жеке кәсіпкер тіркелген.

Жеке кәсіпкерлер мен тартылған тұлғалардың электронды цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, бухгалтер жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды дайындаған. Сонымен қатар есеп айырысу тізімдемелері, еңбек шарттары және өзге де бухгалтерлік құжаттарды жасаған. Осы арқылы заңды еңбек қатынастары бар деген жалған көрініс қалыптастырылған”, – делінген ведомство хабарламасында.



Сонымен қатар бухгалтердің осы жалған мәліметтеріне қарап уәкілетті органдар жәрдемақыларды жоғары мөлшерде тағайындаған. Одан бөлек, төлемдерді алғаннан кейін маман кейбір кәсіпкерлер атынан бұрын аударған зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды кері қайтаруды рәсімдеген.

Нәтижесінде мемлекетке 146 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.

“Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа үш бөлмелі пәтер сатып алынып, тергеу барысында оған тыйым салынды. Бұл алаяқтық іс бойынша сот үкімі шыққан. Сот үкімімен оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Пәтер мемлекет кірісіне тәркіленді”, – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген.

STAN.KZ
Бейсенбі, 02 Сәуір, 2026 10:11