Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атақ, бедел, таныс-тамырға қарамаймыз": "Нұр-Мұқасан" тобының жаңа әншісін соққыға жыққан Мұқасан Шахзадаев әлі де бостандықта жүр

Ғалымжан Сүлейменнің адвокатыФото: https://www.instagram.com/inga_imanbay

"Нұр-Мұқасан" тобының жаңа әншісі Ғалымжан Сүлейменді соққыға жыққан әнші Мұқасан Шахзадаевтың ісіне қатысты жаңа дерек белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ғалымжан Сүлейменнің құқығын қорғап отырған заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, жәбірленушіге келер уақытта ота жасалады, оның қазіргі жағдайы өте ауыр.

“Ғалымжан есінен танығанша ұрылған! Оны алда операция күтіп тұр. Мұқасан Шахзадаев тарапынан аяусыз соққыға жығылған қорғауымдағы азамат – танымал әнші әрі актер Ғалымжан мырзамен кездестім. Оның қазіргі жағдайы өте ауыр.
Дәрігерлер қолының сынғанын, мұрнының сынғанын, бетінің қатты ісіп-көгергенін растады. Алдағы күндері мұрнына жарақаттан кейінгі күрделі ота жасалмақ”, – деп жазған ол Instagram-желісіндегі жазбасында.

Заңгер бұл оқиғаның ең ауыр тұсы – мәдениет өкілдерінің өз әріптесін топ болып соққыға жығып, есінен айыруы екенін алға тартты.

“Бұл тек денсаулыққа келген зиян емес. Бұл – адамның өміріне, еңбегіне, шығармашылығына жасалған қастық.
Ғалымжан мырза дәл қазір түсіріп жатқан фильмінің жұмысы тоқтап тұр. Оның кесірін 40 адамнан тұратын бүтін бір кино тобы тартып отыр. Себебі бет-әлпеті қатты жарақаттанған адам камера алдына шығуға жарамайды. Бұл – нағыз масқара жағдай.
Ең сорақысы – мәдениет саласының өкілдері өз әріптесін жабылып ұрып, есінен тандырып жібергені. Бұл – өнер адамына ғана емес, жалпы қоғамға жасалған жабайылық, адамшылықтан безген әрекет”, – деді ол.

Инга Иманбайдың сөзінше, Мұқасан Шахзадаевды әлі де бостандықта жүр.

“Ал полиция болса, әлі күнге дейін “Мұқасан Шахзадаев қашып жүр, табылмай жатыр” деп мәлімдеме жасап отыр. Сіздер бұған шынымен сенесіздер ме?..
Біз – мен, заңгер Инга Иманбай, Жан Ахмадиев және біздің команда – бұл істі соңына дейін жеткіземіз.
Атаққа да, беделге де, таныс-тамырға да қарамай, әділ жаза қолданылуы үшін бар күшімізді саламыз.
Ғалымжан мырзаның құқығы тапталмауы керек. Бұл іс міндетті түрде әділ шешімін табады” – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Мұқасан Шахзадаев “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа әншісін соққыға жықты деп айыпталғаны хабарланған еді.

Кейінірек “Нұр-Мұқасан” тобының әншісі Мұқасан Шахзадаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 25 Қараша, 2025 15:34
Талқылау