Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Choco сервистерін қалай қазақшалады?

Былтыр қазан айында елдегі ірі ІТ компаниялардың бірі Choco холдингі қазақ тілінің төңірегінде дауға тап болып, сервистері туралы қазақша ақпарат аз болғаны үшін сынға ұшыраған. Компания өкілдері бүгінде өнімдері мен қызметтері толық қазақшаланғанын айтады. Сөздерінше, қазақ тілінде толыққанды ақпарат беру жұмыстары дауға дейін басталған, ал қазандағы жағдай процесті жеделдете түскен. Stan.kz тілшісі даудан кейін Choco-да қандай өзгерістер болғанын, компания қандай сервистер ұсынатынын және олар қалай қазақшаланатынын білуге тырысты.

Компания тарихы: Choco туралы не білеміз?

2011 жылы Алматыда купондар мен жеңілдіктер алуға арналған Chocolife сервисі іске қосылып, лезде танымалдыққа ие болды. Choco холдингінің PR директоры Сәния Серікова мұны ол уақытта нарықта осыған ұқсас өнімдердің болмауымен түсіндіреді. Компания араға екі жыл салып Қазақстандағы алғашқы тағам жеткізу қызметі – "Chocofood" жобасын жүзеге асырған. Елдің барлық аймағында жұмыс істейтін отандық сервис қазіргі таңда финляндиялық Wolt, испандық Glovo сияқты ірі халықаралық компаниялармен лайықты бәсекеге түсіп келеді. Бір кездері Қазақстан нарығын жаулап алу мақсатымен келген халықаралық Foodpanda компаниясын ығыстырып, шетелдік жоба елден кетуге мәжбүр болған.

Сәния Серікованың сөзінше, ІТ компания қолда бар өнімдерін жетілдірумен қатар, жаңа жобаларды да ұдайы жүзеге асырумен айналысады. Алдымен әуе және теміржол билеттерін іздеу және сатып алуға арналған "Chocotravel" сервисі дүниеге келіп, ұзамай сервистер портфелі дәрігерлер базасы шоғырланған iDoctor жобасымен толыққан. Кейіннен 15 минутта азық-түлік жеткізіп беретін Choco Рядом ультражылдам қызметі іске қосылған.

Бүгінде холдинг құрамына Aviata, Chocotravel, Chocolife, Chocofood, Digital Restaurants, Choco Рядом, iDoctor, Choco Доставка сияқты компаниялар кіреді.

Суперапп пен "Digital мейрамхана": Компанияның цифрлық бастамалары

Холдинг бірнеше жыл бұрын QR-код арқылы төлем қабылдайтын "Рахмет" қосымшасын жасап шығарды. Сәния Серікова бұл – төлем жасауда QR-код пайдаланған Қазақстандағы алғашқы жоба болғанын, өзге компаниялар бұны Choco-дан кейін қолдана бастағанын атап өтті. Алайда компания жұмысы жүйесіндегі өзгерістерге байланысты жоба тоқтатылған. Оның себебін холдинг PR директоры "Choco" жобасының дүниеге келуімен байланыстырады.

– "Choco" – бірнеше қызметті бір жерде ұсынатын суперапп (Superapp) қосымша. Такси, курьер, тамақ жеткізу қызметтерін біріктірген Яндекс Go қосымшасы да осындай. Қазір біз барлық жобаларымызды бір жерге шоғырландырдық. Енді Chocolife, Chocofood сияқты қосымшаларды жеке-жеке жүктеудің қажеті жоқ. Мұның бәрі енді бір ғана Choco қосымшасында бар, – дейді ол.

Сәния Серікова Choco сервис тұтынушыларға мейлінше ыңғайлы әрі жеңіл болуға тиіс деген қағиданы ұстанатынын жеткізді. Сол мақсатта жасап шығарған сервистердің бірі – "digital мейрамхана" жобасы.

– Мысалы, сіз мейрамханаға келдіңіз делік. Кейде даяшы мәзір әкеліп, тапсырыс қабылдап, тамақ дайын болып, алдыңызға келгенге дейін ұзақ күтетін сәттер болады. Осындайда үстел үстіндегі QR-кодты байқасаңыз, ол осы келеңсіздіктің бәрінен құтылуға болады дегенді білдіреді. Бұл – электронды ас мәзіріне өтіп, тапсырыс беріп, тіпті ақшасын төлеуге мүмкіндік беретін универсал жүйе. Бүгінде жоба ауқымын біртіндеп кеңейтіп жатырмыз. Төлемді кез келген картамен, "Apple pay", "Google pay"-мен, тіпті теңгерім арқылы жасауға болады, – дейді компания өкілі.

Қызметті қолдану үшін смартфон арқылы QR-кодты сканерлеу жеткілікті, бірден электрондық мәзір ашылады. Арнайы қосымша жүктеу қажет емес.

– Бұл жерде біз бизнеске арналған Soft жүйені өзіміз құрастырып шықтық. Жобаға шамамен бір жылға жуық уақыт болып қалды. Алда оны әрі қарай дамытатын боламыз, – дейді Сәния Серікова.

Компания сонымен қатар "Choco Доставка" курьер қызметін жүзеге асырады. Әзірге сервис веб-сайт ретінде жұмыс істеп тұр. Қызметте курьерден біршама уақыт күте тұруын, затты апарып, қайта әкелуін сұрауға болатын опциялар бар.

– Біз 1 млн теңгеге дейінгі тауарға кепілдік береміз. Байқап отырғаныңыздай, жобаларымыз көп. Қазіргі таңда өзімізді түрлі жобаларды біріктіретін Choco жүйесі ретінде таныстырамыз, –  дейді компания PR директоры.

Нарықтағы бәсекелестік: Неге отандық компаниялар халықаралық сервистерге қарағанда сенімдірек?

Купондар мен сертификаттар сервисінде нарықта Chocolife-қа бәсекелес жоқ. Алайда тамақ жеткізу қызметіндегі жағдай басқаша. Сәния Серікованың сөзінше, бұл жерде бәсеке өте жоғары және нарық жылдам дамып келеді.

Пандемия кезінде қазақстандық нарыққа маркетингке құятын үлкен қаржысы бар тәжірибелі әлемдік ірі ойыншылар келген. Осы ретте отандық бизнеске оңай тиген жоқ. Қызмет көрсету нарығы ұлғайып, бәсеке күшейді.

– Тамақ жеткізуге арналған Chocofood сервисі Қазақстанның 12 аймағында көш басында. Пандемия басталғалы Алматы, Астана, Шымкент қалалары бойынша көшбасшы позициясында емеспіз. Мұның не үшін болғанын жақсы түсінеміз және оны қайтару үшін жұмыс істеп жатырмыз. Choco үшін бұл жағдай өсуге, қай тұсты жетілдіре түсу керегін ұғуға жол ашты. Бүгінде бәсекелестерімізге қарағанда жылдам дамып келеміз. Ал "Choco доставка" курьер қызметіндегі басты бәсекелесіміз – "Яндекс". Олармен тайталасу әзірге қиындау. Олардың тәжірибесі көп, біршама нарықта сыналған жүйесі бар. Десе де біздің стартаптың пайда болғанына бір жылдан енді асқанына қарамастан, ірі корпоративтік клиеттермен серіктестік байланыс орнатып үлгердік. KFC, Филип Моррис Қазақстан секілді компаниялармен келісімге келдік. Сондай-ақ жақында Kaspi-мен де келісімшартқа отырдық, енді маркетплейстегі тауарларды жеткізу қызметімен тек "Яндекс" қана емес, біздің курьерлер де айналысады. Ұзақ уақыт бойы әуе және теміржол билеттерін сату бойынша қос компанияларымыз Aviata мен Chocotravel көш басында болып келді. Соңғы бір жыл көлемінде жаңа ойыншы – Kaspi Travel-дің пайда болуымен үздік позиция үшін қызу бәсеке жүріп жатыр. Ал азық-түлікті 15 минутта жеткізу қызметін бізден басқа ешкім ұсынбайды. Басқа сервистер азық-түлікті 3 сағатта, кейде одан да ұзақ уақытта жеткізеді, –  дейді Сәния Серікова. 

Қосымшаларды қазақ тіліне аударуда кездесетін қиындықтар

Компания өкілі Choco-ның кол-центрі бұрыннан екі тілде қызмет көрсететінін, ал холдинг сервистерін қазақ тіліне аудару дауға дейін басталғанын айтады. Ал былтырғы оқиға процесті жеделдете түскен. Сәния Серікова сондай-ақ салалық терминдердің қазақша баламасын табу күрделі жұмыс екенін атап өтті.

–  ІТ компания болғандықтан, осы саладағы терминдердің қазақша баламасын табуда қиындыққа жиі ұшыраймыз. Көпшілік күнделікті өмірде олардың ағылшынша немесе орысша атауын айтып үйреніп қалған. Терминдердің қазақша баламасы қолданысқа енді еніп жатқандықтан, кейбір адамдар түсінбеуі мүмкін. Аударма сапасы мәселесі тағы бар. Аударма жалпыға ұғынықты әрі заттың мәнін дәл ашуға тиіс. Біз кейде сөздерді түпнұсқа күйінде қалдырамыз ба, әлде аударамыз ба, аударсақ, қазақ тіліндегі дұрыс баламасы қалай болады деп біраз бас қатырамыз. Мұндай мәселе барлық дерлік салада бар. Мысалы, тамаққа байланысты "в кляре, в панировке" деген сөздердің қазақша баламасын табу оңайға соқпайды. Дереккөздер әртүрлі аударма ұсынады. Ал ауызекі тілде қазақша сөйлейтін адамдар көбінесе "в кляре, в панировке" деп айтады. Меніңше, бұл – тек бір компания бетпе-бет келіп отырған мәселе емес, тұтас қазақ тіліндегі мәселе, –  дейді компанияның PR директоры.

Оның сөзінше, кей сервистерде Choco контент жасамайды, тек серіктестер ұсынатын ақпаратты орналастырады.

–  Мысалы, әуе саласын алайық. Билет сатып алғанда біз жалпы ақпаратты қазақ тілінде ұсынамыз, бірақ толық ақпарат әуекомпаниялардан ағылшын тілінде түседі. Яғни әуекомпания деректерді өзі ұсынады және бұл – әлемдік стандарт бойынша қалыпты деп саналады. Тағам жеткізу қызметтері де осыған ұқсас тәртіппен жұмыс істейді. Біз мейрамханаларға платформа береміз, олар онда өздерінің мәзірлерін жариялайды. Кей мекемелердің қазақ тіліндегі мәзірі бар, ал кейбірінде әлі жоқ. Мәзірдегі тағамдар ауысып тұратындықтан, оны мейрамханалардың өзі толықтырады. Сәйкесінше оның мазмұны мен тіліне серіктестердің өздері жауапты. Бүгінде сервисімізді Қазақстан бойынша 2 мыңға жуық мейрамхана қолданады, – дейді компания өкілі.

Көптеген кафе, мейрамханада мемлекеттік тілде жазылған ас мәзірі бола бермейтініне жуырда журналист, PR маманы Айбар Олжай да назар аударған. Оның айтуынша, қазақша мәзірдің болмауы қонақтар мен мекеме әкімшілігі арасында қажетсіз жанжалдарға алып келеді. Мұндайда заң аясындағы әдіс-тәсілдер тиімді екенін жеткізген ол азаматтарды тұтынушы құқықтарын білуге, құқығы бұзылған жағдайда жауапты мемлекеттік органға арыз түсіруге шақырған.

Сәния Серікованың сөзінше, "Choco" қосымшасын жүктеп алғанда автоматты түрде қай тілде қызмет көрсету керегін сұрайтын функция ұсынылады. Бұл – аударма жұмыстары жүргізілгенге дейін жүктелген өнімдерде болмауы мүмкін. Олар тілді профиль баптаулары арқылы ауыстыра алады.

– Негізі қолданушы смартфон тілін қазақшаласа, сервистер де қазақ тіліне ауысады. Телефонына қазақ тілі қойылған қолданушыларға таргеттелген жарнама да қазақша шығатын болады. Бұл процесс кері бағытта да осылай істейді. Яғни смартфон тілі орысша болса, онда қосымшадағы қызметтер орысша көрсетіліп, алдынан шығатын жарнама да орысша болады. Сондықтан қолданушы телефонында қай тілді қолданатыны аса маңызды. Бизнесте жүргендіктен осы мәселені ескереміз, – дейді ол.

"Қазақ тілді қолданушылар көрсеткіші баяу болса да артып келеді"

Сәния Серікованың дерегінше, "Choco" қосымшасындағы қазақ тілді қолданушылардың көрсеткіші –  7%. Бұл – компания өнімдеріндегі қазақ тілді қолданушылардың ең жоғары көрсеткіші. Холдингтің қалған қосымшаларындағы қазақ тілді қолданушылар үлесі 1 пайыздың айналасында.

Өнімдерді қазақшаға аудару барысында компания платформа тілі барлығына ыңғайлы, түсінікті, ықшам болғанына басымдық береді әрі қолданушыларды да соған атсалысуға шақырады.

–  Егер тұтынушылар арасында белгілі бір сөздің аудармасы туралы сұрақтар туындап, ұсыныстар айтылса, міндетті түрде кері байланысқа шығамыз. "Калька", қате аударма анықталатын болса, бірден жаңартамыз. Тіпті менің өзіме әлеуметтік желі арқылы жазуға болады, – дейді ол.

Сонымен бірге компания өкілі холдинг қызметкерлерінің 97 пайызға жуығы қазақстандық екенін атап өтті.

–  Командада біліктілігі сай келсе, кез келген адам жұмыс істей алады. Қызметкерді шетелден де шақыра аламыз. Алайда бұл – шетелдік мамандарға басымдық береміз дегенді білдірмейді. Біз меритократия қағидатымен жүреміз. Choco-дағы жұмыс барысымен  танысқысы келетін кез келген адамға есігіміз ашық. Алдын ала жазылып, офисімізге экскурсия жасаймын, бәрін өз көзіммен көремін деген адамға шектеу жоқ. Ол үшін желіде менің жекеме жазу жеткілікті, –  дейді маман.
Талқылау