Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

93 жастағы ер адам өзінен 56 жас кіші әйелінен тағы балалы болғысы келеді

докторФото: dailymail.co.uk

Австралияның Мельбурн қаласында тұратын 93 жастағы дәрігер Джон Левин өзінен 56 жас кіші әйелінен тағы балалы болуды жоспарлап отыр. Ерлі-зайыптылардың алғашқы баласы Габби есімді ұл, 2024 жылдың ақпан айында дүниеге келген.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Джон Левин жалпы тәжірибе дәрігері және "дұрыс қартаю" саласының маманы. Ол 1930 жылдары дүниеге келген. Ал оның жұбайы – 37 жастағы доктор Янъин Лу оған қытай  тілін үйреткен, өзі де дәрігер.

Джон Левин бірінші жұбайы Вероникамен 57 жыл отасқан. Олардың үш баласы болған. Бірақ Вероника 2013 жылы қайтыс болған, ал олардың бір баласы 2024 жылы 65 жасында өмірден озды.

Верониканың қазасынан кейін дәрігер Левин қытай тілін үйренуді ұйғарып, курста болашақ жары Янъинмен танысқан. Кейін екеуі ғашық болып, 2014 жылы Лас-Вегаста үйленген.

Herald Sun басылымына берген сұхбатында Джон Левин ұлды болу өміріндегі үлкен қуанышы екенін айтты. Бұған жету оңай болмаған. Жұбайы жасанды ұрықтандыру (ЭКО) және донорлық шәует арқылы жүкті болған.

"Жасым ұлғайса да, ұлымның балалық шағында қасында болғым келеді. 21 жасқа толған күнін бірге көру – менің арманым", – деді дәрігер.

Ол ұлының бар-мицва (еврейлік дәстүр бойынша 13 жастағы ұл баланың кәмелетке толуын атап өтетін салтанатты шара) рәсіміне қатысқысы келетінін де айтты.

"Бұл өте маңызды сәт. Мен ұлыммен бірге Тора оқығым келеді", - дейді ол.

Ерлі-зайыпты қазір екінші баланы армандайды. "Біз тағы бір сәби жайында ойлап жүрміз, кішкентай қызымыз болғанын қалаймыз", – деді Левин Nova 100 радиосына.

Дәрігер Лу ана болуды бастапқыда ойламағанын мойындады, бірақ COVID-19 пандемиясы кезінде өз өмірі туралы көп ойланған.

"Біз өзімізге сұрақ қойдық. Он жылдан кейін өміріміз қандай болмақ? Сол кезде мен өзіме – егер Джоннан айырылып қалсам, оның бір бөлшегін өзімде қалдырғым келеді дедім. Сол себепті бала көтеруді қаладым", – деді ол.

Оның айтуынша, жүктілік бірден сәтті болған.

"Бұл – үлкен бақыт. Көп әйелдер үшін бұл ұзақ процесс. Мысалы, анамның таныстарының бірі 14 ЭКО циклінен кейін ғана қызды болған", - дейді.

Доктор Лу өзінен 56 жас үлкен ер адамға тұрмысқа шығу туралы сынға жауап беріп, "алтын іздеуші" (gold digger) деген айыптауды жоққа шығарды.

"Мен оны кездестірген кезде ол банкрот болған. Бұл – таза махаббат одағы", – деді ол.

Адамдар кейде Габбиді Джонның немересі немесе шөбересі деп ойлайтынын айтады.

"Біз айтқан кезде адамдар таңғалады. Бірақ бұл біздің шешіміміз, ол бізді бақытты етеді. Басқалардың ойын біз басқара алмаймыз", - дейді әйел.

Лу қазір иудаизм дінін қабылдауға дайындалып жүр және болашақта қажет болса, жалғыз өзі де ана болуға әзір екенін айтты.

"Бүгінгі таңда түрлі отбасылар бар, және олар өмірін өздері реттейді. Мен де солай істей аламын", – деді ол.

Габбидің нағашы әжесі оларға көмектеседі. Сонымен қатар, Левиннің бірінші некеден қалған үлкен балалары мен немерелері де қолдау көрсетеді. Дәрігердің үш баласы бар. Грег – 2024 жылы 65 жасында қозғалыс жүйесі ауруынан қайтыс болған, Эшли – 62 жаста, Саманта – 60 жаста.

Сондай-ақ, оның он немересі және бір шөбересі бар.

Доктор Джон Левин 60 жасқа дейінгі көптеген пациенттерге қартаюмен күресу жөнінде кеңес беріп келген. Ол соңғы 30 жыл бойы өсу гормонын қабылдап, қатаң өмір салтын ұстанады.

Таңғы ас ішпейді, тек түстен кейін тамақтанады. Көбіне вегетариандық тағамдармен тамақтанады. Алкоголь ішпейді, темекі тартпайды, үнемі спортзалға барып, спортпен шұғылданады.

Айнұр Мұхади
Жұма, 17 Қазан, 2025 16:54
Талқылау