"9 бала жабылып ұрған": Атырауда 14 жастағы баланы жоғарып сынып оқушылары соққыға жыққан
Атырау облысындағы Исатай ауылында 14 жастағы 8-сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары соққыға жыққан. Бала түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілген. Баланың анасы кінәлілердің барлығы жазаланғанын қалайды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі АқЖайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқушының анасы Гүлзада Мұсағалиеваның айтуынша, оқиға 20 мамыр күні түс ауа болған. Футбол ойнауға кеткен бала үйіне беті көгеріп оралған.
"Отбасымызда үш баламыз бар, үлкеніміз үйленген, қызымыз тұрмысқа шыққан, ал ең кенжеміз Мұханбет тамыз айында 15 жасқа толады. Үлгерімі жақсы, 4 пен 5-ке оқиды. Мінез-құлқына қатысты мектептен де, сыныптастарының ата-аналарынан да шағым түспеген. Сол күні ұлым футболдан біртүрлі өңі бозарып, әрең келді. Мен не болғанын сұрағанымда, ойын кезінде құлап қалғанын айтты. Сосын жатып қалды, кешкісін ас ішерде үстел басында дірілдеп дұрыс отыра алмады. Келесі күні де осындай белгілер байқалды. Сосын оны қарап көріп едім, бүкіл денесі көгеріп кеткенін көрдім. Мен бірден жедел жәрдем шақырып, полицияға арыз жаздым", – дейді Мұсағалиева.
Жасөспірім ауданнан облыстық ауруханаға жеткізіліп, оған "оң жақ жауырынның жұмсақ тіндерінің көгеруі, белбеу мен кеуде тұсының жарақаты" диагнозы қойылған.
Анасы ұлын бұған дейін де басқа сыныптың оқушылары бірнеше рет ренжіткенін айтады.
- Жамбыл облысында бесінші сынып оқушысы өзінен кішкентай балаларды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген
- Ақмола облысында жоғары сынып оқушылары 10 жасар оқушыға зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікке ілінді
- Павлодар облысында мұғалім оқушыны тұншықтырғаны үшін жазаланды
"Бір күні 9-сынып оқушылары мектептегі киім ауыстыратын бөлменің есігін бұзып кіріп, менің баламды бұздым деп айтуға мәжбүрлейді. Балам мектептің директорына шағымданған, бірақ мектеп ұжымы бұл туралы маған ештеңе айтпады, мен бұл туралы басқа біреуден естіп қалдым, сосын тәртіпті ретке келтіріп, бұзақыларды жазалауды сұрадым. Алайда мектеп әкімшілігі ешқандай әрекет жасамады. Осы жауапсыздықтың барлығы осындай жағдайға алып келді. Мектеп психологы қайда қарап отыр, бір шара қолданып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет емес пе?! Менің ұлымды негізі 9 бала соққыға жыққан. Олардың екеуі 9-сынып оқушылары, қалғандары сыныптастары. Қазір олардың ата-анасы келіп, кешірім сұрап жүр. Мен кешірем ғой, оларды соттатып қайтемін? Бірақ оларды жазасыз қалдырғым келмейді. Мектеп те бұған жауап берсін", – дейді анасы.
Исатай ауылындағы орта мектептің директоры Айгүл Әділбаева қазір бұл оқиға бойынша тергеу шаралары жүріп жатқанын және жауап бермейтінін айтып, қысқа қайырған.
Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін айтқан.
"Балалар бұл жағдай сабақ біткен соң, ауылдың шетінде болған дейді. Біз түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Соққыға жығылған баланың жағдайын білдік, ол өзін айтарлықтай жақсы сезінеді, қазір ауруханада ем қабылдап жатыр", – дейді Құрманғалиева.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 мамырда 2007 жылы туған жасөспірімнің соққыға жығылғаны туралы ата-анасынан арыз түскен. Күдікті ретінде Исатай орта мектебінің 9-сыныптың екі оқушысы анықталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, сараптамалар тағайындалды.