Серік Ахметов: Мен елбасынан кешірім сұраймын!
Серік Ахметов елбасынан тағы да кешірім сұрап, өзінің кінәлі емес екенін айтты.
Сотта айыпталушылар орнынан Қазақстанның бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов соңғы сөзінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан “оның сенімін ақтамағаны үшін” кешірім сұрады.
“Мен біздің елбасымыз, ұлтымыздың көшбасшысы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, менің ұстазым мен ақылшыма айтарым… Нұрсұлтан Әбішұлынан, оның сенімін ақтай алмағаным үшін және уайымға салғаным үшін шын жүректен кешірім сұраймын”, — деді Ахметов сот алдындағы соңғы сөзінде.
Алайда ол тағылып отырған айыпқа өз кінәсін мойындамады.
“Егер сот пен елбасы қатарға қосылуыма рұқсат берсе, еліміз бен президентіміздің игілігі үшін қызмет етемін. кез-келген жағдайда мен өз елім мен ұлтымыздың көсбасшысына адал боламын” деді бұрынғы премьер-министр.
Ахметов мемлекеттік қаражаттың ірі көлемде ұрлағаны үшін айыпталуда. Сонымен қатар, ірі көлемде пара алғаны бойынша айып тағылған. Алайда мемлекеттік айыптаушы бұл бапты алып тастады. Прокуролар экс-премьерға мүлкін тәркілеп, 12 жыл колония өткізуін сұрап отыр.
Ахметовпен бірге Қарағанды облысы мен қаласының бұрынғы басшылары қызметтік билігін асыра пайдаланып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін айыпталып отыр.