Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

80 жастағы ана: Қой бағып жүріп баламды өзім босанып, кіндігін де өзім кестім

Осыдан елу жыл бұрын аяғы ауыр ана ен далада тігілген жалғыз киіз үйде босанып, шақалақтың кіндігін өзі кескен,-деп жазды Stan.kz тілшісі.

Бұл жағдай Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Дермене совхозы, Қаражантақ жайлауында 1967 жылдың жауын-шашынды маусым айында болған екен.

«Ата-енемнен енші алып, бөлек шықтық. Бесінші құрсақ көтерген  шағым еді. Қойдың қоздап жатқан кезі болатын. Күн көріс қамымен 800-ге тарта үкіметтің қойын бағып, мал басын көбейттік. Ай-күнім жақындап, кешке күн батқанда, толғағым қыса бастады.

Жолдасым Шәкең совхоз орталығына акушер ертіп келуге велосипедпен кетті. Шамамен екеуінің арасы он шақырым.Шәкең келгенше толғағым қысып, шыдай алмайтынымды сездім.Жаныма жаман көрпешемді төсеп, ыстық суды, қайшы, жіп, бір құлаш маталарымды дайындап, босануға ыңғайландым. Ішімді қолыммен итеріп жібердім.

Содан баланың басы шықты.Басы шыққан соң, баланы басынан      тартып шығардым. Мойнына қып-қызыл болып кіндігі үш оралып қалған екен. Кіндігін басынан шешіп алып, жіп байлап, кесіп алдым. Баланы ақ матаға орап жатқызып, біраз уақыт өткен соң серігін туып алдым. Серігі сол бесінші баламда кеш түсті. Оған да толғатып,айтарлықтай қиналдым.

Дүниеге арық, ұзын, қара ұл баланы әкелдім. Солай таң атты. Басқа балалар аш қалмасын деп нан илеп, даладағы отқа пісіріп алдым.Түс болған уақытта адам тола бір мәшине келді. Медсестра келіп, «босанған әйел қайда» деп өзімнен сұрағаны бар.

Босану кезіндегі әрекеттерімді тыңдап, «барлығын дұрыс істепсіз» деп, мақтап, больницаға алып кетті. Осылай өзім ұлымның  кіндік шешесі болдым.» – деп, өз басынан өткізген оқиғасын  Қалампыр Тәліпқызы бізге баяндап берді.

Сол кездегі нәрестенің есімін Бахытжан деп қойған. Бүгінде Бахытжан Шайхымұхаммедұлы елуге табан тіреп, отағасы, бес баланың әкесі атанып отыр. Алматы қаласында ата-анасымен бірге тұрып жатыр.

Адам айтса нанғысыз оқиға, дегенмен әйелдің қырық жаны бар демейме?! Басына түскен жағдайда шыдамдылық танытып, қорықпай шешім қабылдағанын ерлікпен теңесек, артық айтқандық емес.

Қалампыр ана ешқашан қара жұмыстан қашпағанын айтады. Керісінше, әсіресе аяғы ауыр кездерде  көп қимылдап, іштегі баланың өсіп кетпеуіне, өзінің жеңіл босануына көмегі болады деп жүрген.

«Аяғым ауыр кезде қойды тудырып, енесіз қалған қозыларды шаранасына аударып қосатынбыз. Одан қалса далада өсетін емдік қасиетке бай дермене сынды шөптерді 50 келілік қаптарға толтырып, арқалап апарып өткізетінбіз. Міне осындай еңбектің арқасында мал тауып, балаларымыздың аузын майлайтынбыз.

Бала болып ойнаған кездеріміз аз болды. Соғыс жылдарында ересектерге көмектесу үшін егін алқабында жұмыс істедің. Жасым 11-де. Мақтаға су қойып, үлкен арық қазғанмын. Ол кездегі балалардың жалғыз арманы Жеңіс еді. Соғыстағы жақындарымызға, ауылдастарымызға пайдасы тисін деген ниетпен барлық жұмысты істедік»,-дейді 80 жастағы ана.

Шайхымұхаммед Әбілпаттаұлы мен Қалампыр Тәліпқызы 1955 жылдың тамыз айында отау құрған. Сегіз құрсақ көтерген ана, қазір жанында бес перзентінің аман жүргенін, өз жанұяларының бар екендігін айтты.

Ерлі-зайыптылар қазірде немерелері мен шөбересінің ортасында бақытты ата мен әже болып ғұмыр кешуде. Шайхымұхаммед Әбілпаттаұлы биыл 86 жасқа келса, Қалампыр Тәліпқызы 80 жаста.

Оқи отырыңыз: 

Павлодарда полиция капитаны майордың өзін ұрып-соғып, балағаттап кеткенін айтты

«Кетерде анамды қатты құшақтады»: Туыстары қостанайлық жігіттің өлер алдында қалай қоштасқанын айтты

Өзіне қол жұмсаған қыз: Ауру мені жеңді! Күресуге қауқарым жоқ

Қазақстанда ер адамдардың жартысы жыныстық жолмен таралатын жұқпалы ауруларға шалдыққан

 

 

 

 

 

Талқылау