Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"80% зақымданған үйге тек түсқағаз жабыстырмақ": Қостанайда тасқыннан зардап шеккендерге жаңа үйдің орнына бұрынғысын жөндеп бермек

Қостанай облысы Алтынсарин ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге уәде етілген жаңа баспананың орнына ескі үйлерін жөндеп бермек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ng.kz

Қостанай облысы Алтынсарин ауылындағы үйлердің қабырғалары су тасқынынан кейін ермексаз секілді жұмсарып кеткен. Сәуірде үйлердің төбесіне дейін су басып, қабырғалардың 80% зақымдалғаны анықталды. Алайда бағалаушы компания қабырғаларға жаңа тұсқағаздар жабыстыру жеткілікті деп шешкен.

Тасқыннан зардап шегушілерге бүлінген үй-жайды бұзып, жаңа баспана беру уәде етілген. Алайда әкімдік таяуда оларға жаңа үйге ақша бөлінбегендіктен, су басқан үйлерді жөндеп беретінін айтқан. 3 маусым күнінен бастап тұрғындар аудан әкімдігіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құжаттарға қол қоюға шақырылып жатыр. 

Ауыл тұрғындары үйлерін 6 рет су басқанын, жағдайдың тағы да қайталанатынын айтып, биліктен жаңа баспана беруін талап етіп отыр. Жаңа үйлермен қоса тұрғындарға жаңа бөгет салу да уәде етілгенімен, алайда халық жаңа бөгеттің сенімді болатынына күдікпен қарайды. 

“Жобалау жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасалып қойған. Қазір геодезиялық жұмыстар жүргізілуде. Бөгет, шамамен, Алтынсарино ауылында сорғы станциясының артында салынады”, – деді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Маржан Досқалиева. 

Тұрғындар жөндеу жұмыстарының ауқымына да келіспейді, жөндеу үйлеріне келтірілген залалға сай емес деп есептейді.

Зақымдану дәрежесін "Эксперт плюс" ЖШС анықтаған, оның қызметкерлері үйлерді аралап, ақаулық актілеріне келтірілген зиянның пайыздық көрсеткішін тіркеді. Осы актілердің негізінде "Стелла+" ЖШС жөндеу қорытындысын жасайды, олар үйлерге қандай нақты жұмыс қажет екенін анықтайды. 

Ақаулардың дәрежесі туралы анықтамада: кірпіш қабырға мен үйдің қасбетінің зақымдалуы дәрежесі – 80%. Ал қорытындыда бар жоғы сылақ және қабырғаларға тұсқағаздар жабыстыру қажет деп жазылған. Мазақ етіп тұр", – дейді су басқан №14 үйдегі Ырғали Саликовтың туысы Ғазиза Қожахметова. 

Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Маржан Досқалиева тағайындалған жөндеуге шағымданудың жалғыз жолы – мөрмен расталған барлық жөндеу құжаттарының көшірмелерімен сотқа жүгіну екенін айтты. 

Талқылау