Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 8 наурызда ауа райы қандай болады – Синоптиктер болжамы

наурызда ауа райы қандай боладыФото: depositphotos.com

Қазгидромет синоптиктері 7, 8 және 9 наурызға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Болжамға сәйкес, мерекелік демалыс күндерінің қарсаңында Қазақстанда құбылмалы ауа райы сақталады. Циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен елдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түседі. Солтүстік пен солтүстік-батыста кей уақытта қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), ал елдің оңтүстігінде нөсер жауады.

Республика бойынша желдің күшеюі, көктайғақ, тұман болжанады. Солтүстік өңірлерде боран соқса, оңтүстікте найзағай болуы мүмкін.

Кейінгі күндері ауа температурасы айтарлықтай жоғарылағаннан кейін, болжамды кезеңнің аяғына қарай елдің батысы мен солтүстік-батысына қайтадан арктикалық суық ауа таралады.

“Түнгі уақытта батыста ауа температурасы 5-15 градус аязға дейін төмендейді, солтүстік-батыс пен елдің қиыр солтүстігінде 15-25 градус аязға дейін барады. Ал елдің оңтүстігі мен шығысында, керісінше, температуралық фон одан әрі жоғарылап, көктемнің лебі сезіледі”, – деді метеорологтар.

11 наурыздан бастап орталық пен шығыс өңірлерде де ауа температурасы төмендейді деп болжанған.

Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер биыл көктемде Қазақстанның төрт облысында су тасқыны болатынын болжаған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 06 Наурыз, 2026 15:51