Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

8 бала зардап шеккен: Павлодарда мектеп автобусы мен өрт сөндіру көлігі соқтығысты

Павлодарда оқушысы бар мектеп автобусының қатысуымен ірі жол апаты болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы 6 қазанда сағат 14:15-те болған.

"Эльгин-Щедрин көшелерінің қиылысында КамАЗ өрт сөндіру машинасы ПАЗ-32053-70 мектеп автобусымен соқтығысқан, автобус соққыдан тоқтап тұрған Фольксваген көлігін қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған 6 бала медициналық көмекке жүгінген", – деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның мәліметінше, іс жүзінде тексеру жүргізіліп жатыр, қажетті сараптамалар тағайындалды.

Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәрігерлер 10-15 жас аралығындағы 8 балаға көмек көрсеткен. Олар Павлодардағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. 

Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінде апатқа ұшыраған өрт сөндіру машинасы Восточная индустриалды аймақ көшесінің бойында өрт туралы шақыру бойынша жіберілгенін айтты. 

Министрліктің мәліметінше, соқтығысу кезінде автобуста 15 мектеп оқушы болған.

Бұл оқиғаға Павлодар облысының білім басқармасында түсініктеме берілді.

"Куәгерлердің айтуынша, автобус жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзбай, бағдаршамның жасыл түсі жанғанда қозғалған. Өрт сөндіру машинасы арнайы бағдаршамның қызыл белгісіне өтіп кеткен. Апат кезінде автобуста 15 оқушы болған, олардың 10-ы №2, 5-еуі №43 мектептің оқушылары. Тексеру мақсатында 8 оқушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Автобустағы балаларға медициналық көмек көрсетіледі. Олардың өмірі мен денсаулығына ештеңе қауіп төндірмейді. 3 бала ауруханаға жатқызылды, қалғандары қазір үйде", – деп хабарлады департаменттен.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 06 Қазан, 2021 18:56
Талқылау