"7,8 триллион қайда кетті?": Тоқаев МӘМС-тегі жымқыру жайлы айтты
Фото: opentv.tv
Президент Тоқаев Ұлттық құрылтайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) мен алаяқтық әрекеттердің қоғамға төндіріп отырған қаупіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, тексерістен соң қорда құжаттарды қолдан жасау, “қосып жазу”, ірі көлемде қаржы жымқыру сияқты өрескел заңсыздықтарды анықтаған. Мемлекет әлеуметтік салаға триллиондап қаржы құйғанымен, оны талан-таражға салу тоқтамай отыр дейді президент. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаевтың айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүргізілген кешенді тексеру көптеген заңбұзушылық пен теріс пайдаланушылықтарды анықтады.
"Негізінен, бұл қарапайым “қосып жазу” және мемлекеттік қаражатты аса ірі көлемде жымқыру мақсатында құжаттарды қолдан жасауға қатысты сорақы фактілер. Бүкіл ел сапалы экономикалық өсімге қол жеткізу, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, денсаулық сақтауды дамыту үшін күш-жігері мен қаражатын жұмылдырып жатқан кезде, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаржы қаражатының талан-таражға салынуы мүлде жол беруге болмайтын жағдай", – деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, 2024-2025 жылдары тек денсаулық сақтауды дамытуға мемлекет 7,8 триллион теңге бөлінген. Мемлекеттің білім беру мен денсаулық сақтауға жұмсайтын шығындары, ең алдымен, азаматтарымыздың өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын түсіну керек дейді ел басшысы.
"Бұл Әділетті Қазақстан құру стратегиясынан туындайтын міндет. Құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлық схемаларынан пайда тапқан барлық тұлғаларды анықтау тапсырылды. Үкіметтің Міндетті медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешімін қолдаймын. Қорда болған жағдай әлеуметтік сала басшыларының кәсібилігінің төмендігі мен мемлекеттік мүддеге бейжай қарауының салдары. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің адалдығына деген қоғамдық сұраныс әлі де өзекті, жалпыұлттық деңгейдегі міндет болып қала береді", – деп түсіндірді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы медициналық сақтандыру қорында қомақты қаржы жымқырылып жатқан тұста, жедел жәрдем қызметкерлері мен фельдшерлердің алаяқтардың ықпалымен наразылық акцияларына шығып, әлеуметтік талаптар қойғанын атап өтті.
"Азаматтарымыз да алаяқтардың құрбанына айналып, адал еңбегімен тапқан жинақтарынан айырылып жатыр, алдап-арбап қылмыстық қаржылық операцияларға тартылып жатыр", – деді Тоқаев.
- Жұмыссыз қазақстандықтар келер жылы медициналық сақтандыруға жергілікті бюджет есебінен қол жеткізе алады
- Жұмысынан айырылған қазақстандықтар МӘМС бойынша алты ай бойы медициналық көмек ала алады
Еске салайық, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қаржы министрлігінің қарамағына беруді тапсырды. Талдаудан соң қор тиімділігінің артпағаны, қаражаттың бір бөлігі медицинаға жұмсалмай активтерде жинақталатыны және жалған пациент тіркеу, қосарланған қаржыландыру сияқты заңбұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, қаржы ағындарын бақылау мен жүйені толық цифрландыру тапсырылды.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады