Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

77 жастағы көкшетаулық ақсақал тапсырыспен тілек жазып ақша тауып жүр

77 жастағы көкшетаулық Иран Тасқара есімді ақсақал зейнеткермін, асарымды асадым, жасарымды жасадым деп қарап жатқан жоқ, Құдайдың берген талантын ұштап, тапсырыспен өлеңдер жазуды кәсіп етуде.

tabys

Иран ақынның негізгі мамандығы – инженер. Ұзақ жыл Жезқазғанда, алтын комбинатында тау-кен инженері болып еңбек еткен. Қазір зейнетке шығып, бала-шағасымен Көкшетауға қоныс аударған, деп жазады Замана газеті.

«Жалпы, ән айтуды 10 жасымнан бастағанмын, –дейді Иран қария. – Әкем марқұм домбырашы болатын, ал анам әнді тамылжыта орындаушы еді. Ал өлең шығаруым 8-сыныптан басталды. Сол жылы анам өмірден өтті де, жүректен сол кісіге арнап бір өлең шықты. Содан бері Құдай маған өлең шығаратын қабілет берді. Бертін келе оның әуенін шығаратын болдым. Қысқасы, осылайша ақын, сазгер, әнші болып шыға келдім.

Мен негізі Ресейдің Омбы облысында дүниеге келгенмін. Мектепті бітірген соң Алматыға келдім. Тау-кен саласы бойынша оқуға түстім. Студент болып жүрген жылдары «Замандасым» деген әнім шыққан. Соны байқаған Ахмет Жұбанов маған жылы сөзін арнап, мақтағаны бар. «Консерваторияға түскенің дұрыс!» – деп те кеңес берген. Бірақ мен бітіруге шақ қалған оқуымды тастауға қимадым. Бірақ оған еш өкінбеймін, арнайы білімім болмаса да домбыра оркестрінде қызмет еттім. Ішіне 130-дан астам әнім мен күйлерім топтастырылған «Иран – сал әндері» деп аталатын жыр-жинағым жарық көрді. Яғни өнердің ауылынан алыстағаным жоқ».

Иә, ол кісі өнерден алыс­таған жоқ. Иран ақсақал бүгінде әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалана білгенінің арқасында халыққа тапсырыспен өлең жазып, содан азын-аулақ табыс табуда. Иран Тасқараның «Тілектерге тапсырыс» деп аталатын жеке парақшасынан оның бір шумақ өлеңді 800 теңгеге жазатыны, ал 3 немесе одан да көп шумаққа тапсырыс бергендерге әр шумағын 600 теңгеден жазып беретіні туралы шағын жарнаманы көруге болады. Мәселен, досқа арналған:

«Мереке құтты болсын, абзал досым,

73 – жетістігің, мүшел көшің.

Сұлудан ләззат алған сал-серідей,

Еркелеп, аймалай бер Көкше төсін!» – деген жолдары бар өлеңнің әр шумағын 800 теңгеге бағалапты.

Ол кісіге қызын ұзатқалы жатқан ата-аналар, бауырының немесе туысының мерейтойына арнап өлең оқығысы келетін жандар, көкелері мен ағаларына арнау айтып бергісі келетіндер көптеп хабарласады екен. Иран ақын сондай-ақ ғашығына сезімін білдіргісі келетін жандарға да өлең жазып бере алады.

«Мұндай іспен айналысуға болатынын, яғни арнау жазып беріп те табыс табудың мүмкін екенін немерелерім айтты, – дейді ақын ақсақал. – Содан әлеуметтік желілерден арнайы парақша ашып берді. «Ата, мынадай тақырыпта, мынадай бір кісіге арнап өлең шығару керек», – дейді. Жазып беремін. Бірақ одан нақты қанша ақша алғандарын, қалай келіскендерін тәптіштеп сұрай бермеймін. Әйтеуір үйдегі келін: «Ата, тапсырыспен жазылған өлеңдерден түскен ақша 10 мың теңгеге жуықтады», – деп айтып қояды. «Жинала берсін», – деп мен де қуанып қаламын. Кейде оларға: «Әй, қатып қалған бағаны айтып адамдарды шошытпаңдар, жағдайына қарай атағанын бере берсін», – деп ескертіп отырамын».

…Иран қария Құдай қосқан қосағынан осыдан біраз бұрын айырылып қалыпты. Ол кісі бүгінде 3 қыз, 1 ұлдың қызығын көріп отыр.

Иран Тасқара қарияның шағын бизнесі туралы біздің білгеніміз осы болды. Әлеуметтік желілерде өз өнерін белсенді түрде насихаттап отыратын Иран ақсақалға біз іштей риза болдық. Жұмыс жоқ, ақшаны қайдан табамын деп босқа сенделіп жүрген кейбір талантты  адамдарға бұл кісінің тірлігі үлгі болса екен.

Жіберіп алмаңыз:

Обама мен Трамп туралы телевизиялық пародияда Қазақстан туралы әзіл айтылды

Жамбыл облысында елбасыға арналған «джип тур» жолға шықты

Өліге саналған жас жігіт мәйітханада оянып көрпе сұраған

Әйелін зорлаған күдіктіні соққыға жыққан ер адам айыпты деп танылды

 

Талқылау