Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"72 заңбұзушылық анықталды": Семейде жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартқан автобус паркіне ірі көлемде айыппұл салынды

Семейде екі күн бұрын жүргізушілері жұмысқа барудан бас тартқан компанияға айыппұл салынды,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Осыдан екі күн бұрын Семейдегі Semey Bus ЖШС жүргізушілері ереуіл жасаған болатын. Олар шілде айында толық жалақы төлеуді талап етті. Нәтижесінде қалада қоғамдық көлік жұмысы туралады, 104 автобус маршруттарға шықпады.

Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыровтың айтуынша, кәсіпорынды жоспардан тыс тексеру барысында еңбек заңнамасының 72 бұзушылығы анықталған. 

"Егер нақты айтқанда, еңбек шарттары мазмұнының сәйкессіздігі, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін төлемнің болмауы, жалақыны толық көлемде төлемеу, пайдаланылмаған еңбек демалысы күндері үшін төлемдер мен өтемақыларды есептемеу және басқалары бар", - деді Қайрат Әбілқайыров.

Сондай-ақ, ол жол берілген бұзушылықтарға байланысты Semey Bus ЖШС қызметкерлерге әр кешіктірілген күн үшін үшін 4,5 миллион теңгеден астам мөлшерде өсімпұл, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша 42 мың теңге мөлшерінде жәрдемақы, пайдаланылмаған демалыс үшін 831 мың теңге мөлшерінде өтемақы және 43 қызметкерге 2019 жылғы қазаннан бастап осы жылғы маусымға дейінгі кезең үшін 878 мың теңгеден астам мөлшерде жалақы, сондай-ақ демалыс, мереке және үстеме уақыттағы жұмыс үшін ақы төлеуге міндеттелгенін атап өтті.

"Тексеру нәтижелері бойынша жұмыс беруші 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды", - деп толықтырды Қайрат Әбілқайыров.

Талқылау