"700 мың теңгеден жоғары": Елімізде жұмыс берушілер жоғары жалақыны кімдерге ұсынады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілер еңбек нарығында қай мамандық иелеріне ең жоғары жалақы ұсынғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Маусым айының қорытындысы бойынша жұмыс берушілер жабдықтарды сынау және режимдік реттеу бойынша басшыларға орта есеппен 700 мың теңгеден бастап, IT-дизайнерлерге 566 мың теңгеден бастап, құрылыс-монтаждау жұмыстарының инспекторларына 550 мың теңгеден бастап ең жоғары жалақы ұсынуға дайын болды",- делінген хабарламада.
Ал жұмыс іздеушілер арасында сауда саласындағы бөлім бастықтары (1,9 млн теңгеден бастап), кредиттік инспекторлар мен бас директорлар (1,4 млн теңгеден бастап) жоғары жалақы сұраған. Бұдан өзге, байланыс орталықтарының операторларына (1,9 мың бос орын), күзетшілерге (1,7 мың бос орын) және тәрбиешілерге (1,6 мың бос орын) жоғары қажеттілік байқалды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, маусым айында Электрондық еңбек биржасында 89,9 мың бос жұмыс орны және 54,5 мың түйіндеме жарияланған. Алайда, маусым айында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің белсенділігі азайған. Жұмыс іздеушілердің белсенділігінің айтарлықтай төмендеуінің салдарынан аймақтарда кадр тапшылығы сезілді. Мәселен, Қарағанды облысында бос жұмыс орындарының саны түйіндеме санынан 6,4 мыңға, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында 3,9 мыңға асып түскен.
"Республика бойынша сұраныстың жалпы төмендеуі Түркістан (-3,4 мың бос жұмыс орны), Жамбыл (-1 мың бос жұмыс орны) және Атырау (-850 бос жұмыс орны) облыстарына айтарлықтай әсер етті. Бұл ретте, төмендеудің жалпы трендіне қарамастан, бірқатар өңірлер маусым айында кадрларға қажеттіліктің артқанын көрсетті: Жетісу (+1,1 мың бос орын), Алматы (+416) және Шығыс Қазақстан (+479) облыстары. Шығыста білікті кадрлар арасында тапшылық байқалды: байланыс орталықтарының мамандары (түйіндемеден 113 бірлікке артық бос жұмыс орындары), жөндеуші слесарлар (91 бірлікке) және электр-газ дәнекерлеушілер (80 бірлікке)", – делінген хабарламада.
26-30 жас аралығындағы жұмыс іздеушілер тұрақты қызмет іздеуде белсенділік танытқан. Олар түйіндемелердің жалпы санының 16%-ын (8,5 мың) орналастырған. Зейнет жасына дейінгі іздеушілердің үлесі 7,7%-ды құрады. Түйіндеменің ең азы 15-20 жас аралығындағы жұмыс іздеушілерге тиесілі. Осылайша, жазғы маусымның басталуымен 20 жасқа дейінгі жастар Қарағанды (14%), Шығыс Қазақстан (11%) және Ақтөбе (10%) облыстарында ең көп жұмыс істеуге ниетті болды.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
