"70 миллион теңге жұмсадық": Алматыда жеке сектор тұрғындары үйінің сүрілуіне қарсы екенін айтты
Фото: Видеодан скрин
Алматы қаласы Түрксіб ауданының жеке секторында тұратын тұрғындар үйлерінің жақын арада сүрілуі мүмкін екенін кездейсоқ білген. Аталған жағдай халықтың наразылығын тудырды. Ал қала әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, Алматыда құрылысқа байланысты дау туындауы мүмкін. Себебі, Түрксіб ауданындағы жеке секторда тұратын жүздеген адам өз үйлерінің тұруға жарамсыз деп танылып, сүрілуі ықтимал екенін білген. Қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес, бұл тұрғын массив орта қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым салынатын аумақ ретінде белгіленген.
Қалалықтардың билік жоспарына көңілі толмай отыр. Айтуларынша, жеке үйлерін салуға жүздеген миллион теңге жұмсаған, сондықтан баспанасынан айырылғысы келмейді.
Мәселен, Сәкен Қосжанов коттеджін салуға 70 миллион теңге кеткенін айтады. Оның үйі мен көршілерінің ондаған баспанасының сүрілуі мүмкін екенін ол кездейсоқ білген. Көршілерінің бірі Алматының жаңа бас жоспарын қарап отырып, бұл аумақтың болашақта көпқабатты үйлер салынатын жер ретінде белгіленгенін көрген.
“Бұл үйде 7 адам тұрады. 2019 жылы салдым. Қанша еңбекпен, маңдай термен тұрғыздық. Отбасымызбен бақытты өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жаңалықты естігенде қатты күйзелдік”, – дейді тұрғын.
Қайрат шағынауданының ондаған тұрғынына да бұл жағдайға алаңдап отыр. Мұндағы үйлердің басым бөлігі соңғы 5 жылда салынған. Тұрғындар жер телімін сатып аларда бұл аумақта тұрғын үй кешендері салынбайтынын естіген. Сондықтан олар үйлерін ешқандай өтемақыға бергісі келмейді.
“Өткен жылы құрылыс бастадық, шатырын жаптық, қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Сыртқы жұмыстары ғана қалды. Осындай хабар естідік. Ауданымыз бұзылатынын айтқан. Біз мұндай әрекетке жол бермейміз”, – дейді тұрғындар.
Ал Алматы қаласының әкімдігі тұрғындардың алаңдаушылығын түсінетінін, алайда дүрбелеңге жол бермеуді сұрады. Айтуларынша, қаланың жаңа бас жоспары әлі ресми түрде бекітілмеген. Өзгерістер қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ұсынылып отыр.
Шенеуніктердің айтуынша, бас жоспарды түзету мегаполис үшін маңызды. Бұл орталық аудандарды ғана емес, Алматының төменгі бөліктерін де дамытуға, тұрғындар үшін жайлы өмір сүру және жұмыс істеу жағдайын жасауға мүмкіндік береді.
“Нақтылап айтсақ, бұл жер телімдерін ешкім тартып ала алмайды. Олар Конституциямен қорғалған. Болашақта инвесторлар келсе, жер телімдерін тұрғындардың өздерімен келісім арқылы ғана сатып алады. Қазір тұрғындар жеке үйлерін сақтап қалғысы келетінін айтып отыр. Біз бұл мәселені міндетті түрде ескереміз”, – деді Түрксіб ауданының бас сәулетшісі Алмас Манияров.
Әкімдік әзірге үйлерді бұзу жоспарда жоқ екенін. Тіпті бас жоспар бекітілген күннің өзінде, құрылыс жұмыстарын жеке инвесторлар жүргізуі мүмкін. Жер телімдерін сатып алу жөніндегі келіссөздерді де солар жүргізеді. Ал тұрғындар жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгертуге жол бермеу үшін жоғары органдарға жүгінуді жоспарлап отыр.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты