"70 миллион теңге жинап беруге уәде берді": Астаналық көпбалалы ана блогер Самат Бекебаевқа алданып қалғанын айтты
Фото: Видеодан скриншот
Мүгедектігі бар бала бағып отырған бір топ ана блогер Самат Бекебаевқа алданып қалғандарын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баласының еміне ақша жинау үшін блогерден көмек сұраған аналар журналист Руслан Өтепбайға келіп, сұхбат берді.
“Жеті баланың анасымын. 6 ұл, 1 қызым бар. Алтыншы ұлым церебралды сал ауруына шалдыққын. Негізі, басында бірнеше диагнозы бар. Жасы – 5-те. 2025 жылдың қаңтар айында балама арнап жеке парақша жаздым. Сол кезде Самат “Мен сізге көмектесемін, әпке” деп жазып жіберіпті. 500 мың оқырманы бар, белсенді блогер екен. Баламның еміне сәл де болса көмек болатын болды деп мен жылап қалдым. Өте қатты қуандым. Құдайдан кейін екінші адам деп ойладым. Қаңтардың 8-күні үйге келді. “Мен не айтамын соны істейсіз. Сізден басқа адамдарға көмектесіп жүрмін” деді. Бірден келісім бердім. Мақсатымыз қаражат жинап, баланы емдету керек болғасын, айтқанын істедім. Ақжан деген мобилограф жігітпен келді. “Камераға қарап жылаңыз, баланы қолыңызға алыңыз” деп сценарий құрды. Мен камераға қарап жылай алмаймын десем де, екеуі көндірді. Бала әрбір ата-ананың жанды жері емес пе?! Баламның емі үшін бәріне дайын едім”, – деді Тоғжан.
Одан кейін көпбалалы ананың сөзінше, төртінші ұлын да сценарий бойынша видеоға түсіріп, қаралым санын көбейткен.
“Бір кезде қазақша жақсы сөйлейтін балаңыз бар ма деп сұрады. Мен төртінші ұлымның тілі жақсы екенін айттым. Соны далаға шығарып, қыс мезгілінде аяғына жаздық аяқ киім кигізіп, видео түсірді. Балам машинаның әйнегін сүртіп жатыр. Самат менен 100 мың теңге бар ма деп сұрады. Мен қолымдағы 78 мың теңгені ұстаттым. “Уайымдамаңыз, қазір беремін. Егер осы видео көп қаралым жинаса, балаңызға ақша 100 пайыз жиналады” деді. Қатты қуанып кеттім. Өздерінің сценарийлерімен келіп, менің ақшамды балама беріп кетті. Екі күннен кейін адвокат құрбым хабарласады. Балаң блогердің парақшасында жүр деді. Сөйтіп, біз Саматпен заңгерге бардық. Мен баламның қатарластары не дейді деп уайымдадым. Заңгер “Ата-ана тарапынан қарсылық болмаса, түсіруге болады” деді. Бірақ мен соңына дейін қарсы болдым. Баламның ұятты болғанын қаламадым”, – дейді көпбалалы ана.
Астаналық тұрғынның айтуынша, блогер екі күнде 2 миллион теңгеге жуық қаражат жинап берген. Бірақ көмектескені үшін еңбекақысын алатынын ескерткен.
“Видеолары шыққаннан кейін 2 миллион 700 мың теңге ақша түсті. Үш күнде жиналды. Бірақ Самат жарнама жасағаны үшін процент аламын деп айтты. 40 пайызы менікі дегенде, мен абдырап қалдым. Көп ақша екенін естептеп үлгердім. Бірақ ол баламның еміне керек 70 миллион теңгені жинап беруге уәде берді. Ол ақшаны алып, баламның көзін емдету үшін Бакуге одан кейін Қытайға кетуді жоспарлаған едік. ДЦП бойынша Германия емдейді екен. Сол жаққа баруды да армандадық. 40 пайызды естігенде қарсы шыққаным рас. Бірақ барлық блогер дәл осылай жинайды дегесін көнгендей болдым. Видео жарияланғаннан кейін менің есепшотыма ақша түсе бастады. Самат түскен сайын хабарласып, 23 мың салып жіберіңізші, 100 мың салып жіберіңізші” деп хабарласа берді. 2 миллион 700 мыңның 2 миллиондайын өзіне аударыппын. Түнде ұйықтап жатқанда да қиын жағдайда тұрмын деп ақша сұрайды. 40 пайыз аламын дегені 70-80 пайызға кетіп қалды”, – дейді қиналған ана.
Блогер Самат Бекебаевқа алданған аналар саны бүгінде 200-300-ге жуық көрінеді. Әркімге әртүрлі баға айтып, ақша алып отырған. Бір топ ана блогердің үстінен шағым түсірген.
Талқылау

"Несиенің пайыздық мөлшерлемесі азаяды": Сарапшы коммерциялық банктер тұрғын үй жинағын енгізсе қандай өзгерістер болатынын айтты
Сарапшы: "Бұл ұзақ мерзімді перспективада банктік жүйеге де оң әсер етеді. Уақыт өте келе қаржыландыру арзандайды, яғни ставкалар төмендеп, неғұрлым қолайлы деңгейге жетеді”

"Ауаға ең күшті улы заттар тарады": Экологтар Алматыдағы қоқыс полигонының өртіне байланысты дабыл қақты
Экологист мұндай апат қандай жағдайлардың салдары екенін талдап айтып берді