Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

7 миллиард доллар жымқырған "ғасыр алаяғы" ақыры өз кінәсін мойындады

Фото: Metropolitan Police

Ұлыбританияда тарихтағы ең ірі алаяқтық істерінің бірі бойынша тергеу аяқталды. 47 жастағы қытайлық Чжимиинь Цянь биткоиндерді жылыстатқаны үшін айыпталып, 29 қыркүйек күні Лондонда өз кінәсін мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұлыбритания полициясы әйелден шамамен 7 миллиард доллар (3 триллион 843 миллиард теңге) криптовалюта тәркіледі. Бұл әлемдегі ең ірі тәркілеу деп аталып, әйе сот алдында жауап берді. 

Цяньнің кінәсін мойындауы жай ғана жеке факт емес, үлкен істің ең маңызды кезеңіне айналды. Себебі Ұлыбритания құқық қорғаушылары Қытайдағы әріптестерімен бірге 7 жыл бойы халықаралық деңгейде ақша жылыстату ісін зерттеп келген. Тергеу деректеріне сүйенсек, Чжимиинь Цянь 2014 жылдан 2017 жылға дейін Қытайда ауқымды алаяқтық ұйымдастырған. Ол өз компаниясы Tianjin Lantian Gerui Electronic Technology арқылы 128 мыңнан астам салымшыны алдап, оларға 300% табыс уәде еткен. Ал жиналған қаржыны биткоинге айналдырып отырған.

Кейін Цянь Қытайдан кетіп, Ұлыбританияға қоныс аударған. Мұнда ол элиталық жылжымайтын мүліктер сатып алған. Өткен жылы осы іске байланысты оның сыбайласы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Цяньнің үкімі алдағы уақытта шығарылады.

Бұл дауға қосымша қызуғышылық тудырып отырған мәселе тәркіленген қаржының болашағы. Ұлыбритания билігі бұл активтерді бюджет тапшылығын жабу үшін пайдалануды көздесе, Қытайдағы зардап шеккен мыңдаған адам өз ақшаларының қайтарылуын талап етіп отыр. 

Тергеу барысында анықталғандай, Чжиминь Цянь күнделікті жазбаларында өзін "құдай бейнесінде" әрі "патшайым" болуды армандағанын жазған.
 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 01 Қазан, 2025 14:49
Талқылау